Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанда аурухана салады
Еуропалық Қайта құру және даму банкі Қазақстанда 650 орынға арналған аурухана салмақ. Жобаның құны – 365 миллион еуро. Бұл денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік және жекеменшік серіктестік аясында Орталық Азия көлеміндегі алғашқы жоба. Бұл туралы Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо Silk Way арнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты.
Одиль Рено-Бассо, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:
– Қазіргі таңда бұл жоба туралы келіссөздер жүріп жатыр. Егер бәрі ойдағыдай жүзеге асса, құрылысты келесі жылдың сәуірінде бастаймыз деген жоспар бар. Жобаны қаржыландыруға бізден басқа да ұйымдар қатысады.
Одиль Рено-Бассоның айтуынша Қазақстанда инвесторларға өте тиімді жағдайлар жасалған. Бизнес жүргізуге кері әсерін тигізетін бюрократиялық кедергілер жоқ дейді ол. Сонымен қатар, Еуропалық Қайта құру және даму банкі инвестицияны ұлттық валюта түрінде, яғни теңгемен салмақ. Бұл жергілікті бизнесті қолдауға бағытталған. Сондай-ақ қаржыландырудың басым бөлігін жасыл энергия, инфрақұрылым және әлеуметтік жобаларға ұсынады.

