Қысқы Олимпиадаға дайындық үшін 13 млрд теңге бөлінген

Қысқы Олимпиадаға дайындық үшін 13 млрд теңге бөлінген

Қазақстан қысқы Олимпиадаға 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл туралы бүгін Үкіметте айтылды. Айтуынша, келер жылдың ақпан айында Италияда өтетін қысқы дода үшін министрлік 1,2 млрд теңге шығарған. Ал республикалық бюджеттен 5,3 млрд теңге сұралыпты. 6,2 млрд теңгені жергілікті әкімдіктер бөлген. Қалған 585 млн теңге спорт федерацияларының қаражаты. Дайындыққа Германия, Нидерланд, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен 13 шетелдік кеңесші тартылған. Олар мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бағыттары бойынша жұмыс істейді.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Сондай-ақ, спортшылардың жабдықтарының сапасын бақылау және техникалық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті, ведомстволық ұйымдар мен танымал спортшылар өкілдері қатысатын арнайы жұмыс комиссиясы құрылған.

Дайындыққа кеткен қаржыны қайтарымы да бар. Тікелей инвестиция болмаса да Халықаралық олимпиада комитеті алтын медаль үшін 250 мың доллар сыйақы тағайындапты. Теңгеге шаққанда 126 миллионнан асады. Бірақ 1994 жылдан бері 8 қысқы Олимпиадада 5 спортшымыз ғана медаль алды. Яғни, Қазақстан құрамасы соңғы қатарда тұр. Бұл жолы ел намысын қорғауға 35 спортшы аттанбақ. Олар 10 спорт түрінен бақ сынап, 58 медальға таласады. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.