Грузияның Тбилиси қаласына Қазақстанның сауда миссиясы келді

Грузияның Тбилиси қаласына Қазақстанның сауда миссиясы келді

Экспорт көлемін ұлғайту, жаңа келісімшарттар жасау және серіктестік орнату. Осы мақсатта Грузияның Тбилиси қаласына Қазақстанның сауда миссиясы келді. Бизнес-форумға еліміздің атынан макарон, кондитерлік өнімдер, тұз және басқа да өнімдерді экспорттайтын жиырмадан астам компания қатысты. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер үшін екі мемлекеттің транзиттік мүмкіндіктері Еуропа елдерінің нарығына шығуға көпір болып тұр.

Эрекле Канделаки, «Ори Набиджи» компаниясының импорт бойынша менеджері:

– Бізде қазақстандық серіктестермен нақты шешімге келіп, келісім-шарттар жасауға мүмкіндік бар. Әзірге нақты қандай суммаға келісім-шарт жасасқанымызды айта алмаймын. Дегенмен, кейбір ірі компаниялармен келісімдер жасалды. Болашақта компаниялар үшін де, біздің елдер үшін де бәрі жақсы болады деп сенеміз.

Азамат Асқарұлы, QazTrade бас директоры:

 – Бүгін жалпы құны 11,2 миллион доллар болатын бес келісімшартқа қол қойылды. Өткен жылы экспорттың жалпы көлемі 25 миллион долларды құрағанын ескерсек, бүгінгі шара экспорттық келісімшарттарымыздың тең жартысын жапты. Биыл Грузиямен тауар айналымын екі есеге ұлғайтатынымызға сенімдімін.