Хромтау кенішінде жарылыс болды

Хромтау кенішінде жарылыс болды

Хромтау кенішінде жарылыс болып, төрт адамды күйік шалып ауруханаға жеткізілді. Оқиға Дөң тау-кен байыту комбинатының Болашақ кенішінде болған. Бүгін ғана Сенатта осы саладағы салғырттық сөз болған еді. Өндірістегі оқыс оқиғалардың 44 пайызы Қарағанды, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркеледі.

2021-2023 жылдары жазатайым оқиғалардың саны айтарлықтай артқан. Олардың 80 пайыздан астамы ірі және орта өнеркәсіп орындарында болған. Әрі бұл тізімде Қарағанды, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары көш басында. Заң бар. Талап қатал. Бірақ, нәтиже жоқ. Ендігі кезекте заманауи технологияларды енгізіп, цифрландыру қажет. Сондай-ақ, заңнамалардың орындалуын бақылауды күшейту керек,-дейді сенат төрағасы. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы: 

- Бұл бағытта бизнес, еңбек инспекциясы және өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармалары тарапынан белсенді жұмыс жүргізілуі тиіс деп есептейміз.  

Айтпақшы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Еңбек кодексіне еңбек қауіпсіздігін сақтамаған кәсіпорынның жұмысын ішінара тоқтататын норма енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, өндірістегі қауіпсіздікті мобильдік қосымша арқылы қадағалау тетігін іске қосу керек.  

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 

- Біз былтыр мобильдік қосымша әзірлегенбіз. Төтенше жағдайлар министрлігіне сол қосымшаны жұмыс орындарын тестілейтін мамандандырылған ұйымдардың жұмысына енгізуді ұсынып отырмыз. Қазір ол ұйымдар аналогтық құрылғылармен жұмыс істеп жүр. Яғни, атмосфераның қысымы, газдың үлесі, дыбыс толқындары мен діріл деңгейі сияқты жұмыс орнының қауіпсіздік дәрежесінен хабар беретін көрсеткіштердің бәрі цифрлық форматта өлшенуі керек.  

ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМІ БАР 900 МЫҢҒА ЖУЫҚ МАМАН ҚАЖЕТ 

Өндіріс демекші, салада білікті мамандар тапшы. Әсіресе, инженерлер, техникалық қызметкерлер, агрономдар, ветеринарлар. Қазірдің өзінде Қазақстанға техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мыңға жуық маман аса қажет. Ал, 2030 жылға дейін барлық бағытта қосымша 1,6 млн адам қажет болады деген болжам бар. Сондықтан, алдағы уақытта жұмысшы мамандықтарын даярлайтын колледждердің профилі өзгереді. 

Наталья Жұмаділдаева, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі: 

- Кадр даярлау мәселесінде олқылық бар. Мысалы, оқу орындарына берілетін гранттарды бөлу кезінде сол өңірдегі мамандықтарға сұраныс деңгейі назарға алынбайды. Яғни, грант көп, ал, жұмыс жоқ. Осы ретте үш жылдық кезеңде біз өңір экономикасына бағытталған 195 колледждің профилін жүргізетін боламыз. 

Зұлқарнай Ермұратұлы, Тілші: 

- Бұдан бөлек, сенат отырысында елдегі әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейтіндігі айтылды. Жалақының аздығы тағы бар. Бұл еңбек өнімділігіне кері әсерін тигізеді. Мәселен, 2023 жылы Қазақстанда еңбек өнімділігі 25 мың долларды құрады. Бұл сағатына шамамен 13 доллар. Ал, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. 67 доллар.