Қ.Тоқаев «Астана» ХҚО сот төрағасының ант беру рәсіміне қатысты

Қ.Тоқаев  «Астана» ХҚО сот төрағасының ант беру рәсіміне қатысты

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен АХҚО сотының жаңадан тағайындалған төрағасы лорд Ян Бернеттің ресми ант беру рәсімі өтті. Ресми жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы институттың коммерциялық дауларды шешуде елеулі қызмет атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінде орталық инвесторлар сенім артатын маңызды алаң саналады. Осы орайда халықаралық стандарттарға сай тәуелсіз сот жүйесі бар АХҚО соты негізгі рөл атқарады, деп қосты Президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өз міндетін ыждағаттылықпен орындап, қаралған әр істе әділеттілікті және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге күш салғаны үшін бұрынғы төрағасы лорд Джонатан Мансқа ризашылығын білдірді.

Жиыннан кейін Мемлекет басшысы шараға қатысушылармен АХҚО сотын және Халықаралық арбитраж орталығын еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін негізгі тәуелсіз институттар ретінде дамыту перспективасын талқылады.

Бұдан бөлек, Президент дауларды шешуге қатысты халықаралық құқықтың үздік тәжірибесін енгізу, сондай-ақ заманауи технологияны, оның ішінде жасанды интеллектінің әлеуетін белсенді түрде пайдалану маңызды екенін атап өтті.