Қ.Тоқаев: Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізу қажет
Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің арасындағы тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің Мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуінде өзара алыс-беріс көлемін ұлғайтуды ұсынды. Президенттің дерегінше, соңғы 5 жылда Қазақстанның көрші елдермен сауда-саттық көлемі 42%-ке артып, 6,3 миллиард долларды құраған. Бұл көрсеткіш тараптардың әлеуетін толық қамтымайды, оны еселей түсу мүмкіндігі жеткілікті деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Санкциялық соғыстар мен протекционизмнің өршуіне байланысты жақындап келе жатқан ғаламдық рецессияның қаупі аймақтық экономикалық ынтымақтастықты дамытуды үдету мәселесін алдыңғы шепке шығарып отыр. Өндіріс және сауда саласындағы жеткізу желілерінің үзілуі салдарынан барлық жерде аймақтандыру үрдісі анық байқалады. Осы тұрғыдан келгенде, елдеріміз арасындағы саудаға қатысты менің келтірген көрсеткіштерім әлеуетіміздің барлық мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Орталық Азияның экономикалық кооперациясы басты өсім көзі, кемінде елдеріміздің ұлттық экономикасын дамытудың қозғаушы күші болуға барлық негіз бар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов