Қ. Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты

Қ. Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты

Мемлекеттік басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар келуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында мемлекет талапты әрі белсенді жастарға қолдау көрсетіп,  бірегей мүмкіндік беретінін айтты. Мемлекет басшысы қазіргі таңда  елімізді өркендету үшін жаңа батыл қадамдар жасалып, ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Сондықтан жалынды жастар осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналатынына сенім білдірді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280, яғни 70% орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Енді бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр.   

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 


- Көп ұзамай мемлекеттің игілігі үшін ең жауапты шешім қабылдайтын кезеңге тап келесіздер. Үкіметте болсын немесе квазимемлекеттік секторда болсын, ел басқару ісіне араласасыздар. Әлбетте, жеке секторда да еңбек етесіздер. Сондықтан мен сіздерге зор үмітпен қараймын.  

 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жуырда аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталатынын мәлімдеді. Президент қызметке ғалымдар, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, еріктілерді тартудың мәні зор деп санайды. Әрбірі  барынша тиімді жұмыс істеуге дайын болуы қажет. Бұл ретте IT-шешімдер арқылы мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыру маңызды. Жасанды интеллект технологиясын және ауқымды мәліметтер қорын, яғни Big Data-ны қолдану керек. 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 


- Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын шынайы бағалайтын нақты өлшемдер болуға тиіс.