Қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи IT-тәсілдері енгізілді

Қазақстанда жыл басында 16 млрд тоннадан астам әртүрлі қалдықтар жиналған. Бұл көрсеткішке радиоактивті қоқыс, техногендік минералдық түзілімдер және аршылған жыныстар кірмегенін айта кеткен жөн. Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығының мәліметінше, мемлекеттік кадастрда 13,5 млрд тонна қауіпсіз және 2,8 тонна қауіпті қалдықтар тіркелген. Алайда рұқсат етілмеген қоқыс орындарын ескерсек, шынайы ақпарат бұдан да басқаша болуы мүмкін.

Жанат Самат, ҚР ЭГТРМ жанындағы қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығының бас директоры:

- 2020 жылы ел бойынша 8 мыңнан астам заңсыз қоқыс орындары анықталды. Оның 40% Ақмола, Қарағанды, ШҚО-да орналасқан. Бұл ақпарат жергілікті қоршаған ортаны қорғау департаменттерінің рейдтері барысында, сондай-ақ прогрессивті IT-технологиялар арқылы белгілі болып отыр.

Мұндай IT-технологияларды нақтырақ айтсақ, құрылыс қалдықтарын цифрлық жүйе арқылы бақылау елордада белсенді түрде кәдеге асуда. Бүгінде ел астанасының 800 шаршы шақырымнан асатын аумағы цифрландырылды. Сандық картада желілер, жолдар, топография, аэрография, жасыл алаңдар мен қоқыс полигондарының сызбасы көрсетілген. Тиісінше оның көмегімен қоқыс қалдықтары жиналған орындарды бақылауға болады.

Жанат Самат, ҚР ЭГТРМ жанындағы қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығының бас директоры:

- Жаңа экологиялық кодекстің енгізілуімен, қалдықтар классификаторы бүгінгі күнге дейінгі қалдықтардың барлық түрін қамтитын болады. Сонымен қатар заманауи IT-шешімдерді қолдана отырып, космомониторингтің көмегімен бұл мәселені жоғары деңгейде шешеміз деген сенімдеміз.

Жанат Саматтың айтуынша, қоқыс мәселесін шешуді кейінге қалдыруға болмайды. Қазірден қалдықтарды бақылайтын цифрлық жүйені еліміздің барлық өңіріне енгізу қажет.

Авторы: Ақзер Сегізбай