Қазақ авторының комикстері шетелде танымал

Қазақ шебері салған комикстер шетелдік оқырманның жүрегін жаулап алды. Оның туындыларын әлемнің танымал баспаларынан жарық көрді. Отандық сценарист Бек-Ата Даниял бұл жанрға бала кезінен әуес. Ойдан шығарылған батырлардың өмірін жарқын суреттермен безендірілген комикстерден оқып өскен ол өзі автор болуға шешім қабылдаған. Комикс жазумен кәсіби тұрғыда 2020 жылдан бастап айналыса бастапты. Англияның Хартфордшир Университетін «кино мен телевидение» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір Лефкедегі Еуропалық университеттің магистранты.

Бек-Ата Даниял, комикстер авторы, сценарист:

– Бала күнімде дүңгіршектерде сатылатын түрлі журналдарды оқумен, оларда бейнеленген қаһармандардың батырлығын оқып шабыт алатынмын. Негізі, менің ойымша жамандық пен жақсылықтың бітпейтін күресі маңызды. Әсіресе қазіргідей қиын-қыстау уақытта. Алайда, комикс бұл жай ғана батырлардың өмір салты емес. Комикс түрлі жанрды қамтиды. Білімнен бастап ойын-сауыққа дейін. Жалпы мен комиксті бюджеттік мультфильм деп айтар едім.

Бүгінде Бек-Ата Даниялдың «Динозаврлар батыры», «Батыл ағайындылар», «Коммунизм сарбазы» атты туындылары әлемнің бірнеше еліне таралып үлгерген. Десек те, жас сценаристің түпкі мақсаты аталған саланы Қазақстанда дамыту, тарыдай болса да өз үлесін қосу.

Бек-Ата Даниял, комикстер авторы, сценарист:

– Қазіргі таңда менің комикстерім Үндістанда жарыққа шықты, қазір Ресейде шығаруға дайындап жатырмыз. Сонымен қатар Англияда проза және трилогияны көпшілікке ұсындық. Осылайша, 3 мемлекетпен сәтті жұмыс жүргіздік, ал алда осы істі жалғастыра береміз. Әрине, мен Қазақстанда жұмыс істегім келеді. Жаңа Қазақстанға сенемін және мұнда тек комикс қана емес, мультфильмдер жасағым келеді.  Елдің дамуына, жастардың осы салада жұмыс істеуіне өз үлесімді қоссам деймін. Себебі туған жер мен үшін бірінші орында.

Айта кетейік, Бек-Ата Даниял өз шығармаларын шетелдік әріптестерімен бірлесіп жарыққа шығарады. Болашақ жобалардың ішінде фэнтези жанрындағы «Каспий қасіреті» және «Қайсар-Тәңірдің ұлы» атты комикстері бар.

 

Авторы: Ақзер Сегізбай