Қазақстан араб елдерімен ынтымақтастығын нығайтуда

Қазақстан араб елдерімен екі жақты ынтымақтастық қарым-қатынасын нығайтуда. 6 және 8 қыркүйек аралығында еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Ол СІМ басшысы «Орталық Азия елдерінің және Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші министрлік кездесуіне қатысатынын атап өтті. Тараптар түрлі салалардағы өңіраралық ынтымақтастықтың келешегін талқылауға ниетті. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы іс-қимыл құжатын қабылдау жоспарланып отыр.

Айбек Смадияров, ҚР Сырты Істер министрлігінің ресми өкілі:

– Оның қорытындысы бойынша саясат пен қауіпсіздік, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, БАҚ және әлеуметтік мәселелер, жастар мен спорт, көлік, су ресурстары және энергетика сияқты салаларды қамтитын 2023-2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын қабылдау жоспарлануда. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрімен және араб елдерінің бірқатар жетекші компанияларының өкілдерімен кездесулері жоспарланған.

Рим Папасы Франциск елордаға алғаш рет келеді

Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігі алдағы күндері елордада өтетін ірі халықаралық шараға дайындық туралы мәлімдеме жасады. Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда 14-15 қыркүйек күндері Дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің съезі өтеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, оған әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация және 60 шетелдік БАҚ-тың 230-дан астам өкілі қатысады деп күтілуде. Бас шаһарға алғаш рет келетін Рим Папасы Франциск шараның қадірлі қонақтарының бірі екенін айта кеткен жөн.  

Айбек Смадияров, ҚР Сырты Істер министрлігінің ресми өкілі:

– Католик Шіркеуінің Басшысы Қазақстанға екінші рет келіп отырғанын атап өтеміз. Рим Папасы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтеді. Бұл Қасиетті Тақтың Қазақстанның әлемдік аренадағы, және бірінші кезекте, бейбітшілік жолындағы диалогты нығайту ісіндегі маңызды рөлін мойындағанын айғақтайды.