«Қазақстан балалары» тұжырымдамасына 1,3 трлн теңге бөлінеді

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасына 1,3 трлн теңге бөлінеді

Бүгін Үкімет «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті. Құжат 158 нақты іс-шарадан тұрады. Жалпақ тілмен айтсақ, бұл қазақ балаларының құқықтары жан-жақты қорғалады деген сөз. Тұжырымдаманы әзірлеген топ: «Бұл бір жылдық емес, ұзақ мерзімді жоба» деп отыр. Демек, оның аясында атқарылатын жұмыстар жетіп артылады.

«Қазақстан балалары» түжырымдамасы - бұл Қазақстанның 18 жасқа дейінгі тұрғындары толық қорғауға және дамытуға арналған құжат. Үкімет оны іске саруға 1,3 трлн теңге жұмсамақшы. Атап айтқанда, қаражатқа денсаулық сақтауды қорғау, балалар инфрақұрылымын кеңейту, балалар маршрутына цифрлық сүйемелдеу жүйесін енгізу, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды жұмыстар атқарылады.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- 4 бағыттан тұрады. Олар қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, отбасы құқығы және әлеуметтік қорғау. Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор, ал жүзеге асыру үшін 158 іс-шара көзделген. Қаржыландырудың жалпы көлемі – 1,3 трлн теңге.

Қазір Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнама жетілдірілдіріліп жатыр. Ішкі істер органдары арнайы ведомстволық жоспар да әзірлепті. Бала тәрбиесі – ұқыптылық пен тиянақтылықты талап етеді. Әсіресе, мектептен тыс уақытта балалардың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты. Мәселен, былтыр түнгі уақытта көшеде қараусыз жүрген 130 мың бала, ал, ойын-сауық орындарында 2 600 бала анықталған. Сәйкесінше, ата-ана міндетін орындамаған 29 мың заңды өкіл жауапқа тартылды.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі

- Осы салада заңнама дамып келеді. Балаларға қатыгездікпен қарағаны үшін жауапкершілік күшейтілді «Профилактика туралы» жаңа Заң аясында балалардың құқықтарын қорғау бойынша аймақтық өкілетті органдар құрылады. Зорлық-зомбылық, буллингке ұшыраған балаларға әлеуметтік және психологиялық көмек, тәлімгерлік, отбасылық кеңес беру қарастырылған.

Қоғамды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – балалардың онлайн әлемдегі өміріне қатысты. Бұдан былай, бүлдіршіндерге арналған контент сүзгіден өтеді. Қазір әлеуметтік желіге шектеу енгізу тетігі пысықталып жатыр. Сонымен қатар, Жұлдыз Сүлейменова балаларға арналған SIM-карталар енгізілетінін айтты.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Алдымен балаларға арналған SIM-карталарды тіркеуді енгізгіміз келеді. Бұл бірінші тәсіл. Екінші тәсіл – 14 жасқа дейінгі балалар заңға қайшы контентті көре алмайтындай тетік енгізу. Үшіншіден, қазір мектепте цифрландыру және медиа сауаттылық пәндері бар. Осы пәндер аясында біз балалардың цифрлық кеңістікте сауатты болуына күш саламыз.

1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымдарына «тосыннан тексеру» қағидаты енгізіледі. Бұл тетік қауіпсіздк пен тамақтану процесін бақылауға мүмкіндік береді. Дегенмен, бала құқығы бағытында түйіні тарқамаған түйткіл көп. Еліміздің 16 облысы мен 2 республикалық маңызы бар қаласында әлі күнге бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылмаған. Олжас Бектенов өңір әкімдеріне барлық жұмысты екі айда аяқтауды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Өңірлердің көпшілігінде бұл іске тиісті көңіл бөлінбей келеді. Ақмола, Ақтөбе облыстарында және елордада ғана нәтижелі жұмыс жүргізілді. Қалған өңір әкімдіктеріне екі ай ішінде бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтауды тапсырамын.

Бүгінгі таңда балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған 10 негізгі заң қабылданды. Былтырғы деректерге сүйенсек, елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл жалпы халықтың 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда тұрақты демографиялық даму негізінде балалар саны 1,5 миллионға артқан. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық балалардың шоттарына түседі. Түскен қаражат оқу ақысын төлеуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған.

Авторы: Зұлқарнай Ермұратұлы