Қазақстан қақтығыстарға қарсы
Қазақстан
Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздердің жанданғанын қолдайды.
Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Ал, Ауғанстанға көмек көрсетуді
жалғастыру керек. Бүгін Президент Ашхабад қаласында өткен Халықаралық
бейбітшілік және сенім жылына арналған форумда бірқатар жаһандық мәселелерді
ортаға салды. Ол туралы толығырақ Асылбек Тойбек айтып береді.
Президентті
Ашхабад әуежайында Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы
Бердімұхамедов қарсы алды.
Келіссөз
барысында Қ.Тоқаев форумда талқыланатын мәселер Біріккен Ұлттар Ұйымының 80
жылдығы аясында өте өзекті деп атады. Әрі бұл
Түрікменстанның жаһандық ауқымдағы ахуалды тұрақтандыруға, сондай-ақ
Орталық Азияда қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі деді.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
- Форум өзіне жүктелген
міндетті толық атқарып шығатынына және халықаралық қатынастар тарихында айтулы
уақиға болатынына сенімдімін. Өйткені бұл жиында бейбітшілік, бейтараптылық
және сенім секілді ең өзекті тақырыптар қозғалады. Қазіргі әлемге жетпей
тұрғаны да осы құндылықтар.
Ал,
жақында астанада мемлекеттік сапармен болып кеткен Түрікменстан Президентімен
екіжақты қарым-қатынасты дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, өзара
сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика,
көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге
асыру мәселелері қаралды.
Алқалы
басқосу алдында мәртебелі меймандар Бейтараптық монументіне гүл шоғын қойды.
Бұл кешен Түрікменстанның бейбітшілік пен жасампаздық ұстанымын айшықтайды.
Қазір
алыстағымен дүрдараз, көршісімен күнде араз елдердің бір-біріне қабақ шытуы
онсызда шытынайын деп тұрған жер шарындағы геосаяси ахуалды әбден әлсіретті.
Жаһандық қауіпсіздікке жауапты, мәртебесі жағынан халықаралық ұйымдардың ең
беделдісі саналатын БҰҰ-на деген сенімге селкеу түсті. Президент бұл басқосуда
да ұйымды реформалаудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның да мақсаты -
араздасқанды татуластырып, алыстағанды жақындату.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
- Адамзат өзара сенім,
толеранттылық, орнықты даму үшін бейбітшілік пен ынтымақтың маңызын түсіну
секілді іргелі факторларға зәру. Сонымен қатар кейбір күмәнді ережелер алға
шығып, халықаралық құқықтың әлсірей бастағаны, көпжақты құрылымдардың, ең
алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі мен тиімділігінің төмендегені өкініш
тудырады. Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату
мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздік сөз күйінде
қалып, көпжақты форумдардың қарарлары мен келіссөздердегі ізгі тілек ретінде
ғана көрініс табады.
Қырғиқабақ
қатынас, сан түрлі санкциялар салдары жаһандағы өзге елдердің экономикасына
әсер етіп жатқаны сөзсіз. Сондықтан Президент БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің
ауқымды диалогты бастауы, ірі державалардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте
маңызды деп санайды. Бұл ретте Қазақстан Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша
келіссөз процесінің жандануын қолдайтынын айтты.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
–
Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып,
бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құндылықтарды басшылыққа алған кезде әлемде
әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз
Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау
білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін
бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен
күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты.
Дүниедегі
дау-дамайды шешуге тек қана дипломатия мен диалог негіз бола алады. Сондықтан
Қазақстан аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетімен Ибраһим
келісімдеріне қосылды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан ұзаққа созылған
әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен
Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения
бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп
санаймыз. Өйткені осы арқылы аталған аймақта және одан тысқары жерлерде сан
қырлы ынтымақтастыққа кеңінен жол ашылады. Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылыққа
кепілдік беретін толық форматты бейбіт келісімшарт таяу арада жасалады деп
үміттенеміз.
Сондай-ақ, Қ.Тоқаев Ауғанстанға
көмек көрсетуді жалғастыру қажет деген ойын білдірді. Еліміз дінаралық, этносаралық
және және мәдениетаралық диалогты нығайтуға айрықша назар аударады. Бұл орайда
Президент Қазақстанда 20 жылдан астам уақыттан бері Әлемдік және дәстүрлі
діндер көшбасшыларының съезі ұйымдастырылып келе жатқанын еске салды.

