Қазақстан мен АҚШ адам құқықтары мен демократиялық реформалар мәселелерін талқылады

Қазақстан мен АҚШ адам құқықтары мен демократиялық реформалар мәселелерін талқылады

Азаматтық қоғамды дамыту, әйелдер құқығын кеңейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту. Осы және басқа да маңызды мәселелерді Қазақстан мен АҚШ-тың адам құқықтары мен демократиялық реформалар бойынша жоғары деңгейдегі диалогының отырысына қатысушылар қозғады.

Бұл елордадағы алғашқы басқосу. Оған еліміздің Президент Әкімшілігі, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері және Қазақстанға жұмыс сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея қатысты. Тараптар өңірлік және көпжақты өзара іс-қимылдың әлеуетін  талқылады.

Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған, елді одан әрі демократияландыруға және адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған саяси реформаларға ерекше назар аударылды. Америкалық тарап Қазақстанның Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық саладағы саясатын және елдегі  мемлекеттік институттарына оны одан әрі іске асыруға қолдау білдіретінін жеткізді. Қазақстан мен АҚШ одан әрі де жоғары деңгейдегі ынтымақтастық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті қолдауға ниетті.

Узра Зея, АҚШ мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары:

–  Қазақстан АҚШ-тың әлемдегі және өңірдегі негізгі әріптесі. Біз C5+1 шеңберіндегі аймақтық өркендеуді, ынтымақтастықты және экономикалық өркендеуді қолдайтынымызды мақтан тұтамыз. Қазақстандық әріптестерімізбен адам құқықтары, оның ішінде дін, сөз бостандығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, азаматтық және саяси құқықтар, құқық қорғау органдарын реформалау және қауіпсіздік сияқты мәселелерді талқылау мүмкіндігі біздің қарым-қатынасымыздың беріктігі мен кемелденгенін көрсетеді. Біздің көзқарастарымыз әр түрлі болуы мүмкін, бірақ біз әрқашан осы мәселелерді ашық талқылай алатынымызға сенімдімін.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов