Қазақстан мен Еуропалық Одақ байланысы беки түспек

Қазақстан мен Еуропалық Одақ байланысы беки түспек

Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдерінің өзара сауда айналымы өткен жылдың 11 айында 38 млрд долларға жетті. Айта кетсек, еліміздің сыртқы сауда үлесінің 30 пайызы мен тартылған инвестицияның 40 пайызы Еуропалық одақ үлесінде. Қазақстанда 6 мың бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 130 тек былтыр жұмысын бастаған. Бұл туралы Еуропалық комиссияның вице-президентімен болған кездесуде Үкімет басшысы айтты. Сонымен қатар Әлихан Смайылов өзара іс-қимылдың маңызды бағыты транзиттік көлік саласы екенін айтып, Еуропалық кәсіпкерлерді инвестиция салуға шақырды. Бүгінде Қытайдан Еуропаға жіберілетін тауарлардың шамамен 85%-ы Қазақстан арқылы тасымалданады. Атап айтқанда, өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 65%-ға өсті. Алдағы уақытта мұндағы жүк ағынын 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өз тарапынан Маргаритис СхинАс Қазақстанның Еуропалық одақ үшін маңызды әріптес екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформалар елімізде Орта Азия аумағындағы аса маңызды рөлін арттыра түсетінін айтты.