Қазақстан мен Пәкістан 2024 жылы өзара әріптестікті нығайтпақ

Қазақстан мен Пәкістан 2024 жылы өзара әріптестікті нығайта түспек. Бірінші кезекте – сауда-экономика саласында. Бұл үшін екі елдің көлік салалық ведомстволары мен логистикалық компаниялары арасындағы бірлескен шаралар тізбегі артпақ. Тараптар арасындағы қарым-қатынастың мүмкіндіктері мен әлеуеті жайлы Silk Way телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанның Пәкістандағы елшісі баяндады. Ержан Қыстафин, Қазақстан үшін Пәкістан нарығының аса қызық екенін атап өтті. Бұл мемлекет халқының саны 250 млн адамға жеткенін ескерер болсақ, көп көлемде агроөнеркәсіп кешенінің тауарларын экспорттауға болады. Оның үстіне, Пәкістанмен сауда-саттықты дамыта отыра, Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Африка елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік алады. Жалпы, еліміз Пәкістанға құны 21 млн доллар болатын 40 тауар түрін экспорттауға әзір.

 

Ержан Қыстафин, Қазақстанның Пәкістандағы елшісі: 

– Бұл жағдайда, ойымызда ауыл шаруашылығы саласының тауарлары тұр. Одан бөлек, біз машина жасау туралы да тілдестік. Сонымен қатар біздің энергоресурстарды да Пәкістан нарығына тасымалдау туралы келіссөздер жүргізудеміз. Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті дамыту үшін, бірінші кезекте, біз тиімді көлік-логистикалық жүйе орнатуымыз керек.

Қос мемлекет саяси диалогты тереңдете отырып, мәдени-гуманитарлық байланыс та орнатпақ. Биыл Пәкістан Ұлттық Ассамблеясының делегациясы елімізге қарымта сапармен келеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар Астанада өтетін ШЫҰ саммитінде Пәкістан басшысы қатысады деп күтілуде. Өз кезегінде Қазақстан Премьер-министрі бастаған делегация Исламабадқа барады. Ол жерде ШЫҰ үкімет басшыларының жиыны болады.

 

Ержан Қыстафин, Қазақстанның Пәкістандағы елшісі:

– Осы көпжақты шаралар аясында екіжақты байланыс күн тәртібін, қос мемлекет басшылары өзара талқылайды деп жоспарлап отырмыз. Мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестікті дамыту бағытында, біздің биыл Абайдың қара сөздерін Пәкістанның әр провинциясындағы тілдерге аудару жұмыстарын аяқтағанымызды аса мақтанышпен айтқым келіп тұр. Сонымен қатар біз бір жыл бойы Қазақ Ұлттық Университетімен және Исламабадтағы заманауи тілдер университетімен бірлесіп, сөздік бойынша жұмыс істедік. Қазақ-урду-ағылшын тілдеріндегі сөздік дайындадық. Бұдан бөлек, Жоғары Оқу Орындары арасындағы байланысты күшейтіп келеміз.