Павлодар облысындағы қызыл жалын ауыздықталды

Павлодар облысындағы қызыл жалын ауыздықталды

Павлодар облысына қарасты Желтау ауылының 18 тұрғыны көрші ауылға эвакуацияланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов хабарлады. Министрдің сөзінше Павлодардағы жағдай түгел дерлік бақылауға алынған. Өңірге қосымша күш ретінде Абай, Ақмола және Астана қалаларынан және Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның әуе кемелері тартылған.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

– Өртке жұмылдырылатын күштер мен құралдарды үйлестіру мақсатында Министрліктің жедел штабы іске қосылды, сондай-ақ Павлодар облысының Желтау ауылында далалық жедел штаб құрылып жұмыс істеуде. Өртті жою жұмыстарын Вице-министр жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта Павлодар облысының аумағындағы дала өрті толықтай оқшауланды. Бүгін де Қарағанды облысы бойынша осындай нәтижеге қол жетеміз деген ойдамыз.

Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов өртке қарсы жүріп жатқан іс-шараларды мардымсыз деп сынға алды. Премьер-Министр өткен жылдардағы алапат орман өрттерін мысалға алып, орманды қорғау ұйымдарының дайындықсыз екендігін ашық айтты. Сондай-ақ елде оталған ағаштарды қайта өңдеуге мүмкіндік бола тұра, оның отынға айналып, сатылып кететініне көңілі толмайтынын жеткізді. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

– Орманды заңсыз кесу және өрттен қорғау шараларын қабылдау қажет. Бұған дейін ұлттық парктер мен резерваттарда өртке қарсы іс-шаралар мардымсыз жүргізіліп келді. Өткен жылдары болған алапат өрттер анық көрсетті. Орманды қорғау ұйымдары оған дайын болмай шықты. Қазір орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды өртке қарсы арнайы жүйелермен, техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды.