Қазақстан мен Ресей 14 млрд долларға 67 бірлескен жоба әзірлеуде

Қазақстан мен Ресей 14 млрд долларға 67 бірлескен жоба әзірлеуде

Қазақстан мен Ресей 14 миллиард доллардың 67 бірлескен жобасын әзірлеуде. Олар машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібін қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларында іске асырылады. Екі елдің бизнес субъектілері 135 жобаны қолға алған. Олардың жалпы құны АҚШ валютасымен есептегенде 26,5 млрд-қа бағаланады. Бұл туралы Мәскеудегі Қазақстан мен Ресей үкімет басшыларының кездесуі барысында белгілі болды.

 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

 

– Елдер арасындағы қарым-қатынас сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша жемісті дамып келеді. Сондықтан, үкіметтер елдердің көшбасшылары қол жеткізген барлық уағдаластықтарды іске асыру үшін бар күш-жігерін салатынына сенімдімін. Бірқатар құжатқа қол қойылды. Енді қос ел үкіметтеріне оларды жүзеге асыру мақсатында бірлесіп жұмыс істеу керек.  

Тараптар сауда және инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ транзиттік-көлік салаларындағы бірлескен іс-қимылдарды айқындады. Үкімет басшысы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету және үйлестіру қажеттігін атап өтті. Бұл транзитті жеңілдетуге және жалпы шекара бойында өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізінің әлеуетін кеңейтуге, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол учаскесін қарқынды пайдалана отырып, көлік артериясын дамытуға баса назар аударылды.


Өз кезегінде Михаил Мишустин мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық шешімдер мен келісімдерді іске асыру үшін белсенді жұмыс істеуге әзір екенін атап өтті.