Қазақстан Орталық Азиядағы ең урбанизацияланған мемлекет

Қазақстан Орталық Азиядағы ең урбанизацияланған мемлекет. Ел халқының  62% жуығы қалаларда тұрады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Астанада еліміздің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуі туралы айтты. Сонымен қатар ол халықаралық қоғамдастық өкілдері орнықты даму мақсаттарына қатысты міндеттемелердің елімізде орындалу барысына жоғары баға бергенін де жеткізді. Қазір бұл бағытта мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын қамтитын құқықтық негіз қалыптастырылды. Тіпті Қазақстан бүкіл аймақтың игілігі қамында тұрақты шешімдерді әзірлеу мақсатында белсенді тұғырнамаға айналып келеді. Бұл орайда биыл Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттарының БҰҰ өңірлік орталығын құруға қатысты қолға алынған жұмыстарды мысалға келтіруге болады. Микаэла Фриберг-Стори Мемлекет басшысы өз Жолдауында орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жағын назарсыз қалдырмайтынын атап өтті.

Микаэла Фриберг-Стори, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі:
-Әрине жақындағы Жолдауда Үкіметтің таза ауыз суға үлкен көңіл бөлетінін байқадық. Сондай-ақ, трансшекаралық өзендер мәселесі көтерілді. Қазақстан алдында тұрған сын-қатерлерді бір өзі ғана шеше алмайды. Біз су ресурстары туралы жаңа Кодекс дайындалып жатқанын білеміз. Су ресурстары жөніндегі мамандандырылған Министрлік құрылды. Осы шаралардың барлығы тұрақты даму мақсатын одан әрі іске асыруға өз үлесін қосатынына сенімдімін. Әсіресе ОДМ-6, яғни тіршілік көзіне қол жеткізуге қатысты басымаларды құп көреміз.

Бұл орайда айта кетерлігі 18-19 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде Тұрақты даму мақсаттарының Самиті өтеді. Мемлекет және үкімет басшылары тұрақты дамудың 2030 күн тәртібін талқылайды. Бас қосудың қорытындысы бойынша тараптар келісілген саяси декларация қабылдайды. Сондай-ақ қатысушы елдер орнықты дамытуды жетілдіруге қатысты қосымша ұлттық міндеттемелер алады деп күтілуде. Бұған қоса Самит аясында аз дамыған елдерге, су, апат қаупін азайту және азық-түлік жүйелеріне арналған халықаралық конференциялар жоспарланған.