Қазақстан Парламенті Өзбекстан және Түрікменстан елдерімен өзара көмек көрсету келісімін қабылдады 

Қазақстан Өзбекстан және Түрікменстан елдерімен төтенше жағдай кезінде өзара көмек көрсету ережелерін бекітті. Ел Сенатының депутаттары тараптар арасында азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді қабылдады. Аталған құжат екі жақты тәжірибе алмасуға, қауіп болған жағдайда тұрғындарды дайындауға, мемлекеттердің оқу орындарында азаматтық қорғау саласында мамандарды оқытуға, бір елдің аумағында болған төтенше жағдайды жою кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Шартқа қатысушы елдердің аумағында төтенше жағдай туындаған жағдайда авариялық-құтқару құралымдары мемлекеттік шекарадан өтіп, арнайы техниканы әкеле алады. Ондағы ережелер табиғи, техногенді сипаттағы зілзалалардың салдарын азайтуға мүмкіндік бермек.