«Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің өткізу қабілеті жылына 20 млн тонна жүкке дейін артады

«Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің өткізу қабілеті жылына 20 млн тонна жүкке дейін артады

«Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің жүк өткізу қабілеті 3 есе артады. Қазір оның қауқары  6 млн-ға жетсе, жақын арада тасымалдау көлемі жылына 20 млн тонна жүкке дейін ұлғаяды. Бұл үшін кезеңдерге бөлінген жұмыстар жүргізілуде. Үкіметтің жедел жұмыс тобының отырысында трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері қаралды. «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық Компаниясы өкілдерінің айтуынша, мемлекетаралық өткізу пункттері жұмысының тиімділігіне талдау жүргізіліп, оларды жақсарту бойынша іс-шаралар әзірленді. Каспий торабында контейнерлік хаб құрылысының жобасын іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Оны «Ақтау теңіз порты» Арнайы Экономикалық Аймағының базасында құру жоспарланып отыр. Қазақстанның трансшекаралық хабтары желісіндегі негізгі жоба Жетісу облысындағы «Қорғас торабы» болып табылады. Жетісу әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Арнайы Экономикалық Аймағында 48 қатысушы тіркеліп, 15 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.  Жыл соңына дейін 1,7 млрд теңгеге тағы 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. «Қорғас торабының» жалпы кірісі 1,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Сәуірден қарашаға дейін халықаралық трансшекаралық орталығы арқылы 8 мың тонна көлемінде жүк тасымалданды. Бүгінде салынған инвестицияның жалпы сомасы 141 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ отырыста «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығын, «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешенін, «Орталық Азия» халықаралық шекара маңы сауда орталығын құру жөніндегі жұмыстардың барысы туралы сөз қозғалды.