Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты

Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты

Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгін осындай атаумен «Түркістан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жарияланды. Дәстүр бойынша президент өткен жылдағы айтулы оқиғаларға тоқталды. 2026 жылға түзілген жоспарларды да жіліктеп, елдің даму бағытын айқындап берді.


Қамтылған мәселе ауқымды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты, билік транзиті, парламенттік реформа, экономиканы өркендету, инфляцияны тежеу, жаңа салық саясаты сияқты қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті сұрақтарға қатысты пікір білдірді. Президент қаңтар оқиғасына, әскердегі әлімжеттікке, көлік апаттарының жиілеп кетуіне де арнайы тоқталды. Асылбек Тойбек рет-ретімен баяндайды.


Жыл басында еліміздің беделді басылымдарына Президенттің сұхбат беруі жақсы үрдіске айналды. Біріншіден – халық жаңа жылда тың өзгерістер күтеді. Екіншіден – бұл Президенттің отандық баспасөзге, ел руханиятына деген риясыз құрметі. Айтпақшы, сұхбатта мемлекет басшысы газет-журналдарды үзбей оқитынын әрі «әлеуметтік желіге баспен кіріп кету» адамның ойлау қабілетіне зор зиян келтіріп жатқанын айтқан. Тіпті жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтардың бары өкінішті дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қадірін білгені дұрыс деп санаймын. Көптеген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі, олар адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғылым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ.


Жер бетінде не мұхитқа, не теңізге шыға алмайтын елдер алыс-беріс пен барыс-келісті дамыту үшін өзгелерге кіріптар. Ал Қазақстан құрлық пен теңізді жалғауға тиімді жол тапқан мемлекет. Мәселен,  «Достық – Мойынты» жаңа теміржол магистралі Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік бермек. Сол секілді бірқатар бағытта теміржол желілері іске қосылады. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды салып, жаңғырту және 11 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделіп отыр.  Ал, «Орталық – Батыс» күре жолы елорда мен батыс аймақтардың арасындағы қашықтықты 500-ден астам шақырымға қысқартады.


Экспорттың мұраты кету. Жол мұраты жету. Президент жол-көлік оқиғаларына қатысты пікірін айтқан. Елімізде автокөліктің көбеюі салдарынан жыл сайын мыңдаған адам қаза табады. Былтырдың өзінде 300 мыңға, ал, соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейген. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылым жетілдірілді, бақылау күшейді, айыппұл өсті. Нәтижесінде адам өлімі 9,4 пайызға азайған. Дегенмен жауапсыз жүргізушілердің ережелерді елемеуінен мәселе әлі де өзекті болып отыр.


Жол қауіпсіздігі секілді экономикалық қауіпсіздік те аса маңызды міндет. Бұл ретте агрокешеннің алар орны орасан. Президент енді мал шаруашылығын дамыту керек деді. Өйткені жаһанда етке сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көмек көп. Бірақ, сол көмектің шағын шаруаларға жетуі – мардымсыз болып тұр.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қазіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пиғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады.


Қ.Тоқаев сұхбатында экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісіне келгенде кежегесі кейін кететін кәсіпкерлер туралы тілге тиек етті. Президент бизнес өкілдерімен жеке кездескенде халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керектігін айтыпты. Кәсіпкерлер арасында мемлекетке масыл болып, міндетсінетіндер де, қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен де бар. Президент өз сөзінде қайырымдылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлерді қолдау үшін арнайы «Мейірім» ордені енгізілетінін жеткізді.

 

Президентке қаңтар оқиғасына қатысты да сұрақ қойылды. «Арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр» деп жауап берді. Ал әскердегі әлімжетікке қатысты кейбір блогерлер шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз тарататанын айтты. Жалпы Мемлекет басшысы жастардың азаматтық сана-сезімі өте жоғары деген баға берді. Елде сыбайлас жемқорлықпен күрес - мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады деген болжамымен бөлісті. 

Президент өзі туралы көп айта бермейді және бойын популизмнен аулақ ұстайды. Бұл жолы сұхбатта да жеке басына қатысты сұрақтарға қысқа жауап қайырған. Мемлекет басшысы  сауаттылықты, темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді жақсы көретінін айтты. «Сіз кімсіз?» деген сипаттағы сауалға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берді. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев салауатты өмір салтын ұстанады. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырған. Бірақ медитация жасамаймын дейді. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнайтынын жасырмады. Тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін айтты. Айтпақшы, биыл сыртқы саясатта да Қазақстанның рөлі артты. Қ.Тоқаев халықаралық дау-дамайларда ара ағайын болатын ешқандай ойы жоқтығын, сондай-ақ, бірқатар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралуды ойламайтынын да нақтылады.