Қазақстанда отбасының цифрлық картасы құрылады

Яғни әлеуметтік қолдау бұдан былай сандық ақпараттық жүйе арқылы айқындалмақ. Отбасылардың дербес дерекқоры мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелерінің мәліметтерімен біріктіріледі. Демек, ел азаматтары енді тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекет көмегін ала алады.  Барлық рәсімдер автоматты түрде жүргізіледі. Отбасылық карта мемлекеттік-әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттерін айқындау құралына айналмақ. Яғни, кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтаумен қатар, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік туады. Барлық арнаулы көмектерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейтін тың бастама жаңа әлеуметтік кодекс жобасында қарастырылған. 

Тамара Дүйсенова,  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Карта отбасылардың немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы ретінде қызмет етеді. Мұндай ақпарат әрбір отбасына, орталық мемлекет тарапынан СМС-хабарлама ретінде жіберілмек. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізілетін болады. Яғни, азаматтарға әлеуметтік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады.

Жаңа кодекс жобасы арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғыртумен қатар өзге де басымдықтарды қамтиды. Оның аясында ұлттық біліктілік және сертификаттау жүйесін енгізу көзделген. Олар жастардың жұмысқа тұруына кедергі болатын артық талаптарды алып тастауға мүмкіндік береді. Құжатты әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, Еуроодақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Еліміздің ерекшеліктері де жан-жақты ескерілді деді, министр.