Қазақстанда су ресурстарының ақпараттық-сараптамалық орталығы пайда болады

Қазақстанда су ресурстарының ақпараттық-сараптамалық орталығы пайда болады

Қазақстанда су ресурстарына қатысты жаңа цифрлық тұғырнама пайда болады. Жуырда салалық министрлік пен «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы барлық әзірлік жұмыстарын аяқтайды. hydro.gov.kz сайтында бірыңғай кадастр пайда болып, барлық су нысандары, гидротехникалық құрылыстар мен су шаруашылығы бассейндері, гидробекеттер және өзге нысандар туралы ақпарат бір ізге қойылады. Ақпараттық жүйе биылдан қалмай қолданысқа енеді деп күтілуде. Айта кетсек, Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалануды басқару концепциясы әзірленді. Оған сәйкес, су қоймаларын, ирригациялық каналдарды жөндеп, жаңасын салу, су тапшылығын болдырмау, ауыз су мәселесіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін гидротехникалық құрылыстарды жаңарту көзделуде. Бұл, өз кезегінде, 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 2,5 млн гектарға дейін ұлғайтып, қазіргі бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға көбейтуге мүмкіндік береді.

Айнұр Жақсылықова, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі департаменттің бас сарапшысы:

- Мемлекет басшысы су саясатын бір ізге түсіруді тапсырғанын барлығы біледі. Оның ішінде, су ресурстары бойынша сапалы сараптама мен болжам жасау өте маңызды. Еліміздің су-ресурстық әлеуетін бағдарлау және сараптау жүйесін дамыту, ондағы жұмылдырылған ақпараттық жүйелерді жаңарту, суды жұмсаудағы жоспар әзірлеужәне барлық тіршілік нәрін пайдалануды бақылау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрамында ақпараттық-сараптамалық орталық ашылғалы жатыр. Себебі, барлық жұмыстары цифрландыру жұмыстарын көп күттірмей бастау қажет.