Атырау облысында 16 мектеп салынып жатыр
Атырау облысында 16 мектеп салынып жатыр. Басымдық ауылдарға берілген. Себебі үш ауысымды мектептердің көбі шалғай елді мекендерде орналасқан. Үш жылда тағы 28 білім ошағының құрылысы басталуға тиіс. Еске салайық, Ұлттық құрылтай отырысында президент 3 жылда 1300 мектепті, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет екенін айтқан.
Тасқала елді мекені Атыраудың іргесінде орналасқан. 420 оқушыға арналған ауыл мектебінде қазір 1500-ге жуық бала білім алып жатыр. Сондықтан үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Білім ошағында бар-жоғы 20 оқу кабинеті бар.
Майра Разиева, Тауман Амандосов атындағы мектеп директоры:
- Мұнда негізінен Тасқала-1, Тасқала-2, Тасқала-3, Алғабас, тіпті Водниктің де оқушылары оқиды. Қазіргі таңда негізі 2 салынды ғой. Соның біреуі ашылды Водникте. Ол мектепке бізден 100 оқушы кеткен болса, оның 20-сы қайтып келді. Себебі ол тиімді болмады біздің оқушылар үшін, ата-аналар үшін. Себебі автобус тасымалы болмады.
Бүгінде мектеп тапшылығын жою мақсатында Тасқала-2 ықшам ауданынан 600 орындық жаңа білім ошағы бой көтеріп жатыр. Мердігер мекеме «Мектепті биыл күзде пайдалануға береміз», - деді.
Аян Халиуллин, Мердігер мекеме өкілі:
- Бейнекамералармен жабдықталады осы мектеп. Бұл мектептің ешқандай кемшілігі жоқ мына жайлы мектептерден. Мына фасадтың бәрін біздің заманауи материалдармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл мектептің ішінде 2 спорт зал болады. Біреуі бастауыш сыныптарға, біреуі үлкен сыныптарға.
Қазір өңірде апатты жағдайдағы 7 мектеп, ал үш ауысымда білім беретін 9 білім ошағы бар. Жергілікті билік бұл мәселені мықтап қолға алған. 16 жаңа мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ, екі қосымша ғимараттың да құрылысы басталды. Алдағы жылдары тағы 28 мектеп салу жоспарлануда. Ал, қалғандары біртіндеп ренновациядан өтеді.
Аида Базылова, Облыстық білім басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Реновация жұмыстары бар бізде. 97 мектеп Атырау облысы бойынша үш жылда, 2025, 2026, 2027 жылдары. 2025 жылы бізде 9 мектеп тұр жоспар бойынша. 2026 жылы 43 мектеп. Сосын 2027 жылы 45 мектеп. Бұйырса, солардың бәрін жұзеге асырамыз деп отырмыз.
Аймақта «Жайлы мектеп» жобасыда жүзеге асып жатыр. Былтыр 3 білім беру мекемесі пайдалануға берілді. Ал, қазір алтауының құрылысы жүріп жатыр.

