Қазақстанда транзиттік жүктерді кедендік рәсімдеу үшін тұғырнама әзірленді
Қазақстанда темір жол арқылы тасымалданатын
транзиттік жүктерді кедендік рәсімдеу үшін цифрлық тұғырнама іске қосылды.
Әзірге ол тек пилоттық режимде жұмыс істеуде. Оны тестілеу Қазақстан мен Қытай
арасындағы шекарада жүргізілуде. Бұл туралы мемлекеттік кірістер департаменті
хабарлады. Болашақта, бұл тұғырнама толыққанды Қытайдан еуропаға және Орта
Азияға жол тартқан жүктерді кедендік рәсімдеуден өткізу үшін қолданылады.
Бұндай әдіс Беларусь пен Ресей шекарасында қолданылып келе жатқанына біраз
уақыт болды. Ол кедендік тексеріс шараларын ықшамдап оның ашықтығын қамтамасыз
етеді. Атап айтар болсақ, шекарадағы рәсімдеу уақытын 3 сағаттан 30 минутқа
дейін қысқарады деп күтілуде. Оның үстіне, қағазбастылықтан арылу – Транскаспий
бағытындағы сауда мен логистиканың дамуына өз септігін тигізіп қана қоймай,
еліміз арқылы транзиттік жүк ағынының артуына себепші болады. Қаржы министрлігі
мамандарының пікірінше, еліміз үшін бұл жобаның экономикалық пайдасы орасан
зор.
Александр Курбат, ҚР Қаржы
министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті бақылау департаментінің транзит
басқармасының бас сарапшысы:
- Құжаттар Қытай
тарапынан Ұлттық темір жол тасымалдаушы компаниядан беріледі. Оның негізінде
мамандар алдын ала мәліметті дайындап, мемлекеттік кірістер органдарының
ақпараттық жүйесі арқылы өткізеді. Осылайша, тауар Қазақстанға жеткізілгенде
ақпарат тексеріліп, автоматты түрде тіркеледі. Оған небәрі 30 минут уақыт
кетеді. Егер заң бұзушылық тіркелмесе, транзиттік декларация шығарылып, тауар
артылған жүк пойыздары өздерінің бағытынша ары қарай жүруін жалғастыра береді.
Әзірге бұл жоба тек Қытай Халық республикасымен шекараны ғана қамтып тұр. Ары
қарай пилоттық жоба нәтижесі бойынша өзге де шекара учаскелерінде тұғырнаманы
қолданамыз.

