Қазақстанда жеке кәсіпкерлік 25% өсті
Қазақстанда өз ісін ашуға ниеттілердің қатары артып келеді. Әсіресе, бұл тың үрдіс соңғы жылда белең алып рекордтық көрсеткішке жеткен. Жеке кәсібін дөңгелеткендер саны бірден 25%-ке өсіп, нәтижесінде, бүгінде ел бойынша бір жарым миллион шағын бизнес субъектісі тіркелген.Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сауда және автожөндеу бағытын таңдайтындар жағы басым. Бұл реттегі өсім 40%-ке жуық. Ауыл және балық шаруашылығынан пайда көрем дегендер саны да аз емес. Жылжымайтын мүлік операцияларын табыс көзіне айналдыруға бел буғандар да жетіп артылады. Мемлекеттік басқару, қорғаныс пен міндетті әлеуметтік қамсыздандыру салалары да көпке нәпақа табудың жолын ашқан.
Нұрлан Сақуов, «Атамекен» ҰКП атқарушы хатшысы, басқарма мүшесі:
Біздің сарапшылар мұндай аса жоғары белсенділікті қосарланған құн салығы шегінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Қазақстанда бизнес-ахуалды жақсарту, кәсіп жүргізуді оңтайландыру бағытында көптеген іс-шаралар қолға алынған. Мәселен, 1-қаңтардан бастап елде салықтық есепке қою шегі 30 мыңнан 20 мың айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетілді. Яғни, шамамен 61 мың теңге. Көптеген бағдарламалар кәсіпкерлікті дамытуға оның ішінде шағын жеке кәсіп субъектілерінің әлеуетін арттыруға бағытталған. 2030-шы жылға дейін шағын және орта бизнесті жетілдіруді көздейтін арнайы тұжырымдама бекітілді. Онда қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары барынша қамтылған.
Бүгінде кәсіпкерлердің басым көпшілігі Алматы қаласында тіркелген. Астана және Түркістан өңірінде де жеке кәсіпкерліктің шоғыры көп. Сарапшының сөзінше, Ұлытау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан аймақтарының тұрғындары болса бұл орайда белсенділік танытуға асықпайтын көрінеді.
Нұрлан Сақуов, «Атамекен» ҰКП атқарушы хатшысы, басқарма мүшесі:
Жаңадан құрылған облыстарда көрсеткіштің төмен екендігі баршаға мәлім. Ол жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеме жасаған болатын. Жалпы әр аймақтың өзіндік экономикалық басым тұстары бар. Дәл сол бағыттар бизнес жүргізу үшін аса тартымды болады. Палата әкімдіктермен бірлесіп жергілікті аумаққа бағытталған арнайы бағдарламалар құруды ұсынып отыр. Сол кезде әр өңір бизнесі өз артықшылықтарына қарай дамитын еді.