Қазақстандағы туризм саласының дамуы

Қазақстан Alpitour италиялық ірі туристік холдингінің каталогына енді. Италияның жетекші туроператорларының кең тараған желісі басылым беттерінда еліміздің көруге тұрарлық жерлерін жариялады. Олардың қатарында Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Шымбұлақ пен Түркістандағы Керуен сарай бар.

Еліміздің тізімге енуі республиканың мәдениет пен шытырман оқиғалы әуесқойлар үшін туристік бағыт ретінде өсіп келе жатқан танымалдылығын көрсетеді. Сонымен қатар бұл – Қазақстанның мәдени және табиғи әралуандылығын халықаралық деңгейде көрсетудегі маңызды қадам.

Жалпы соңғы жылдары Қазақстанның ішкі туризмі қарқынды дамып келе жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында еліміздегі курортты аймақтарға 3 млн-нан аса адам барған. 2022 жылғы сәйкес кезең бойынша өсім 12%-тен көп. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі мәлімдеді. Осы орайда өткен жылдың 9 айында саяхатшылар ең көп барған Қазақстанның көрікті жерлерінің топ бестігі құрылды.

Топ 5 тізімін Алматы тау кластері көшбастап тұр. Өткен жылы осы кезеңде курортты аймаққа 1 млн 700 мыңнан аса турист келген. Рейтингтің екінші орны 300 мыңға жуық адам барған Маңғыстау курорттарына тиесілі.  Үшінші орынға 240 мыңнан көп турист қабылдаған Щучье-Бурабай курортты аймағы жайғасты. Сонымен қатар үздік бестікті Алакөлдің Абай облысындағы бөлігі мен Балқаш курорттық аймағы тұйықтап тұр.

Алдағы уақыта еліміздегі өзге де  көрікті жерлерді ілгерілету мақсатында туристік орындардағы инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жалғаса бермек.

ТОП-5: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ КУРОРТТАРЫ

Алматы тау кластері - 1 млн 728 мың турист

Маңғыстау курорттары - 299 мың турист

Щучье-Бурабай курортты аймағы - 243 мың турист

Алакөл - 204 мың турист

Балқаш курорттық аймағы - 94 мың турист