Қазақстанды ферросилиций өндірісінде 2-орынға шығаратын зауыт ашылды

Қазақстанды ферросилиций өндірісінде 2-орынға шығаратын зауыт ашылды

Екібастұз жаһандық металлургия орталығына айналып келеді. Өйткені шаһарда «EkibastuzFerroAlloys» зауыты салтанатты түрде ашылды. Бұл — әлемдегі ферросилиций өндіретін ең ірі әрі ең заманауи кәсіпорындардың бірі. Мұндай үлкен масштабта зауыттың ашылуы шын мәнінде өңір үшін тарихи оқиға. Кәсіпорында біздің түсіру тобымыз да болып қайтты.


Бұл жоба — жай ғана кезекті индустрияландыру нысаны емес. Ол Қазақстанның жоғары технологияларға, экспортқа және өңірлердің тұрақты дамуына негізделген жаңа экономикалық дәуірінің символы іспеттес. Кәсіпорын жыл сайын 240 мың тонна жоғары сортты ферросилиций өндіре алады. Бұл өнім болат, шойын және алюминий қорытпаларын өндіруге қажет және әлемнің барлық елдерінде жоғары сұранысқа ие.


Мадияр Данияров, «EkibastuzFerroAlloys» Ферроқорытпа зауытының бас директоры:

— Зауыт ең қысқа мерзімде салынды. Дегенмен, ең заманауи әрі экологиялық технологиялармен жабдықталған. Газ тазарту деңгейі 99,8 пайызды құрайды — бұл әлемдегі ең үздік көрсеткіштердің бірі. Оған 92 миллиард теңге инвестиция салынды және әр тиын, әр теңге технологиялық қуатқа әрі болашаққа деген сенімге айналды.


Жаңа зауыт ашылған соң Қазақстан әлемдегі ферросилиций өндірушілер арасында екінші орынға тұрақтады және жаһандық металлургия саласындағы көшбасшы позициясын нығайта түсті. Ашылу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты. Өңір басшысы жобаның стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Бұл Президент қойған негізгі міндеттерге — шикізат экспортынан гөрі қайта өңдеу саласының әлеуетін жедел арттыруға және өңірдегі экономикалық өсудің жаңа драйверлерін қалыптастыруға бағытталған.


Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

— Осы жобаға сеніп, барлық тәуекелді өз мойнына алған серіктестерімізге, инвесторларымызға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Нәтижесінде олар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосты.

Жоба құрылысы 2022 жылдан бері жүргізілген әрі еліміздің өнеркәсіптік орталығы — Екібастұзды дамыту жоспарының негізгі элементіне айналған. Құрылыс кезеңінде кәсіпорын мың жарым адамды жұмыспен қамтыса, ашылғаннан кейін лайықты жалақы мен кәсіби өсу мүмкіндігі бар 800 тұрақты жұмыс орны құрылды.