Қазақстандықтың күріштен салған суреттері шетелді таңғалдыруда

Қазақстандықтың күріштен салған суреттері шетелді таңғалдыруда

Қазақстандық суретші – Дулат Айтбаевтың туындылары әлемді мойындатты. Жақында ғарыш айлағы бейнеленген «Байқоңыр» атты еңбегі Ресей еліне аттанады. Өзге де шет мемлекеттерден төл жұмыстарына тапсырыс көптеп түсуде. Мәселен, Қытайға жуырда 50 картина жіберген. Бұндай қызығушылықтың басты сыры қылқалам шеберінің жұмыстарында күріштің бетіне сурет салуында жатыр. Ол алдымен, ағаш жоңқалы плитаға желім жағып, бетіне ақ маржанды жабыстырады. Оны илеп, бетін тегістейді.  Әбден кеуіп қатқан соң ғана қолына қылқалам алады.

Дулат Айтбаев, суретші:

-Салып апарып берген кезде Қытай мемлекетіне күрішке үңіліп, суретке үңіліп біз сізбен әрі қарай жұмыс іздейміз деп тапсырма берді. 50 дана күріштің бетіне аттың бейнесін салдық. Күріштің бетіне ерекше салынады, акварельмен салынады. Оның артынан лак сеуіп жіберген кезде күрішіміз бриллиантқа айналып, өзінің тонын, жарығын береді. Шет мемлекеттерді таңқалдыратындай қызықты жұмыс істедік деп ойлаймын.

Дулат Айтбаевтың көпті өзіне баураған бірегей әдісті меңгергеніне 20 жылдай болыпты. Негізінен күріштің бетіне Ұлы даланың әсем табиғи көріністері мен тарихи тұлғалардың бейнесін салады. Тек портреттік туындылар саны мыңнан асқан. Бір жұмысқа шамамен бір апта уақытын сарп етеді. Қылқалам шебері еліміздің күрішті Сыр өңіріне тән бейнелеу өнерін жастарға үйретіп, шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтады.