Кіші Арал теңізі тола бастады
Кіші Арал теңізі
қайта түлей бастады. Қазір ондағы су көлемі 23 миллиард текше метрге жеткен.
Мамандардың айтуынша, Ақлақ тоспасы арқылы теңізге секундына 50 текше метр су
жіберіліп жатыр. Кезінде шағаласы шулап, балығы тулаған айдынның бүгінгі бедері
турасында тілшіміз сабақтайды.
Аралдағы
балықшылар ауы мен қармақ-бауын ешқашан тастаған емес. Айдыны тартылып қалса
да, төңіректегі шағын көлдерден балық аулап, нәсіп табатын. Енді міне
жағалаудан 500 метрге ұзаған Кіші Арал теңізі қайта түлеп, ата кәсіп жандана
бастады. Қазір теңіз тынысы осыдан 3 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда жер
мен көктей, дейді тұрғындар.
Әзімбай
Жолмырзаев, Қаратерең ауылының тұрғыны:
- Ол кезде
теңіздің тұздылығы күшейіп кетті. 24-інен бастап тұздылығы шамалы түсті. Қазір
балықтың тіршілігіне мүмкіндік бар. Алдағы уақытта да ағыс осылай жақсы болса
екен.
Балықшылар Арал
атырабынан жылына 8 мың тоннаға жуық балық аулайды. Оның 70 пайызы шағын
цехтарда өңделіп, экспортқа шығарылады. Бұл Кіші Арал теңізін сақтап қалу үшін
жылдар бойы атқарылған жұмыстың жемісі.
Төрехан Ділжанов, Бөген ауылының
тұрғыны:
- Бөген елді
мекенінде 200-дей отбасы тұрамыз. Соның үй басына бір балықшы бар десек те
өтірік болмайды. Сол 200 үйдің қазаны осы теңізден қайнап отыр десек артық
айтпаған боламын. Осы теңізге құйып жатыр дегенді естіп жатырмыз. Теңізіміз
толады деп үміттенеміз енді.
Арал теңізі
Сырдарияның ең төменгі сағасында орналасқан. Су тапшылығы соңғы 7 жылда қатты
сезілді. Шыны керек, кейде трансшекаралық талаптар да өз дәргейінде
орындалмайтын. Енді арнайы министрлік құрылғаннан бері бұл мәселенің қалтарысы
қараусыз қалмайтын болды.
Жорабек
Нұрымбетов, «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы:
- Орталық Азия
мемлекетінің президенттері кездесу болды. Сол кездесуде Су шаруашылығы министрі
Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның келісімшартқа қол қойылғанда
жоғарыдан түсетін судың көлеміне қарай сол әр мемлекетке тең бөлінетіні жөнінде
қол қойылды. Қазір біздің өзіміздің алатын лимитімізді бүгінгі таңға дейін
толық алып тұрмыз.
«Көкарал» бөгеті
теңізді сумен тұрақты қамтамасыз етуге арналған бірден-бір стратегиялық нысан.
20 жылдан бері жұмыс істеп тұрған тоспаның топсасы кетілуге таяды. Сондықтан
бөгетті қайта нығайту қолға алынған болатын. Маңызды миссия биыл аяқталады.
Авторы: Елжас Әбділда

