ҚР Премьер-Министрі Бішкекте ЕАЭО және ТМД елдерінің отырыстарына қатысты

ҚР Премьер-Министрі Бішкекте ЕАЭО және ТМД елдерінің отырыстарына қатысты

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өзара сауда мен транзитті дамытуда әлеуеті зор. Ел Премьер-Министрі Бішкекте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамының отырысында осылай деп мәлімдеді. Оған қоса Әлихан Смайылов табысты экономикалық интеграцияның басты өлшемі жаңа өндірістер технологиялар мен жұмыс орындары екеніне тоқталды. Бұл ретте комиссия алаңында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарын дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын тілге тиек етті. Қазақстан осы бағытта ынтымақтастықтың көкжиегін жоғары технологиялық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өндіру үшін жағдай жасау арқылы одан әрі кеңейтуді ұсынады. Үкімет басшысын бұл тұрғыда өндірістік қуаттарды дамытуды ынталандырып, технологиялар трансферті үшін қолайлы жағдайлар жасауымыз керектігін айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өзекті мәселелерінің бірі – Орта мерзімді кезеңге арналған декларация жобасы. Бізге интеграцияның қазіргі қалыптасқан жағдайына шынайы баға беру қажет. Осы мақсатта биылғы мамыр айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қабылданған міндеттемелердің орындалуын бағалауды тапсырды.  Мүше мемлекеттердің аумағы бойынша барлық жүк тасымалы бақыланады. Бұл ретте бизнес үшін навигациялық пломбаларды кезең-кезеңмен және барынша ауыртпалықсыз енгізуге тиіспіз. Комиссияға бұл жұмысты бизнестің пікірін ескере отырып жүргізуді ұсынамын.

Ал, ТМД елдерінің үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысында Әлихан Смайылов қызметтердің еркін саудасы туралы келісімнің тезірек күшіне енуінің маңызына тоқталды. Премьер-Министрдің пайымдауынша бұл құжат арадағы өзара іс-қимылды жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Еркін сауда аймағы туралы шартты бірлесе жүзеге асыру бұған мысал болады. Осының арқасында жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, қатысушы елдер арасындағы саудада оң серпін сақталып отыр. Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты – өнеркәсіптік кооперацияны кешенді түрде күшейту. Үкімет басшысы тұжырымдаманы дамыту жөніндегі шаралар кешені одақ елдеріне тың серпін беріп, белгіленген жоспарларды толық жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті. ТМД елдері үкімет басшыларының кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар геодезия, картография және геоақпараттық технологиялар, тау-кен металлургия, IT-сектор салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.