Мәжіліс ғылымды дамытуға арналған заңдарды қарады

Мәжіліс ғылымды дамытуға арналған заңдарды қарады

Қазақстанда бірыңғай ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құру көзделуде. Онда ғылыми жетістіктер, инновациялық жобалар мен озық технологиялар шоғырланбақ. Яғни, осы салаға қатысты жиналған бар ақпарат өңделіп, талданады. Мәжіліс «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы мен іліспе құжаты бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ саланы басқару моделін жетілдіру, Ғылым академиясының құқықтық мәртебесін айқындау және Ғылым қорының қызметін реттеуге бағытталған құқықтық нормалар қамтылған. Соңғысына қатысты ғылыми жобаларды өндіріс жолына қою, яғни коммерцияландыру, технологиялық бизнес-акселерация және инкубациялау,  брокерлік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша функционалын күшейту қарастырылған. Бұған қоса ең өзекті жобаларды қаржыландыру үшін ғылыми зерттеулер дайындығын айқындау тетіктерін енгізу ескерілген. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

-Сондай-ақ, венчурлік қаржыландыру тетіктері мен инфрақұрылымын қалыптастыру. Яғни, біздің Ғылым қоры венчурлік қор ретінде қызмет етеді, егер осы заң қабылданса, сонымен қатар құжат аясында басқа да венчурлік инвесторларды, инвестициялық қорларды серіктестік негізінде ғылымды қаржыландыруға, ғылыми ұжымдармен, ғалымдармен  жұмыс істеуге қатысты тиісті тетіктер пысықталады осы заң аясында.

Бұдан бөлек, мәжілісмендер бизнестің ғылым саласына инвестиция жасау белсенділігін ынталандыруға бағытталған заң жобасында бірінші оқылымда мақұлдады. Яғни, кәсіпкердің ғылыми орталық ашуға және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға жұмсаған қаражатын толықтай салық төлеген кезінде шегеріледі. Сондай-ақ заң аясында салаға жеке капиталын құйған инвесторларға салық көлемін азайту және өзге де жеңілдіктер қарастырылған.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты :

-Жеке компаниялар үшін тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар бойынша салық салынатын сомасын 50% азайту ұсынылады. Яғни, егер кәсіпкерлер немесе ғылыми ұйымдар немесе университеттер өздерінің жүргізген ғылыми зерттеулер нәтижелерін қолданса, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүргізсе онда бұл шығыстардың 50% салық салынатын табысты айқындау кезінде дәл осы 50% көлемінде азайтылатын болады. Бұл да біздің ойымызша маңызды ынталандыратын норма болып табылады.