Мұғалімдер ЖИ дағдыларын меңгереді
Мұғалімнің рөлі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Бұрын педагог негізгі ақпарат көзі болса, енді ол тек бағыт беріп, оқушының сыни ойлау қабілетін дамытушы тұлғаға айналады. Бұған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектінің енгізілуі арқау болмақ. Алайда, бұл цифрлық технология ұстаздың орнын басады деген сөз емес. Жасанды зерде көмекші құрал болады. Ал цифрлық технологияны мұғалім қалай меңгереді?
Сүндет Оралбек, тілші:
- Қазіргі Альфа ұрпақ ақпаратты кітапқа қарағанда визуалды форматта жақсы қабылдайды. Дәстүрлі тапсырмалар да олардың қызығушылығын арттыруға қауқарсыз. Ал жасанды интеллект арқылы сабақты қызықты өткізуге болады. Балалардың ынтасын арттырып, сыни ойлау дағдысын да жетілдіруге мүмкіндік бар.
Қазір Елордадағы мектептердің көбі жасанды зердені қолдануға көшкен. Құжат пен есеп-қисаптың барлығы дерлік тың технологияның көмегімен жүзеге асуда. Бастама жұмысты жеңілдетіп, қағазбастылықтан арылуға сеп болыпты. Бұл үрдістен 97-ші мектеп-гимназияда қалыс қалмады. Тіпті, жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейтін арнайы кабинеттер ашқан. Смарт жүйелер балалардың қызығушылығы мен қабілетін саралап, қай бағытқа бейім екенін анықтауға көмектеседі.
Зәмзәгүл Қиянова, №97 мектеп-гимназияның директоры:
- Арнайы сот кабинетін жасақтадық. Оның идеологиясы мынада, мектепте тәртіп бұзушылық болатын болса, бірден балалар соны жасанды интеллектке салады. Сол кезде дайын кейс шығады. Статьясы, қауіптілігі.
Қазір көпшіліктің көкейінде жасанды интеллект ұстаздардың орнын баспай ма деген күдік бар. Жауаптылар алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Себебі, нейрожүйе көмекші құрал ретінде енгізіледі. 1-қыркүйекке дейін жасанды интеллектіні қолдану стандарттары бекітіледі. Жаңа оқу жылында ұстаздар жаңа талаппен жұмыс істейтін болады. Бұл тұста педагогтарды оқыту өте маңызды.
Екатерина Смышляева,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Білім беру стандарты өзгермейді. Сол үшін мұғалімді қайта оқытудың маңызы жоқ. Оларды жасанды интеллектіні қолдануды үйрету керек. Ол қатты қиындық туғызбайды. Бұл бағытта AI SANA бағдарламасы тың технологияны меңгеруге септесері сөзсіз. Жалпы, бастаманың берері көп. Бұл интеллектуалды ұлт қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл өзгеріс алдымен ауыл мектептерінде басталады. Пилоттық жобаға елдегі 500 білім ордасы қатыспақ. Бұл тәжірибе бүкіл білім беру жүйесін трансформациялауға негіз болады. Оқу-ағарту министрлігі 2029 жылға дейін тың технологияны кезең-кезеңімен барлық білім ордасына енгізбек.
Жайық Шарабасов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Жоспарда мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамыту, жекелендірілген оқытуды енгізу, педагогтерді даярлау және жеке деректерді қорғау шараларын күшейту қарастырылған. Алғашқы кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтып, кейін тиімді шешімдер кең ауқымда енгізіледі.
Жасанды интеллектті тиімді меңгерген ел ғана бәсекеге қабілетті болмақ. Сондықтан білім беру жүйесіндегі бұл өзгеріс - уақыт талабы. Ендігі міндет - тың технологияны оқушының сапалы білім алуына бағыттау.

