Мұз жару жұмыстары басталды

Мұз жару жұмыстары басталды

Қалың қар еріп, өткен түнде Оралдың Деркөл кентінде автожолдың ойпаң жерін су басып қалды. Қазір арнайы техниканың көмегімен жағдай тұрақталды. Жол қозғалысы кідірген жоқ. Сірескен сеңңің көбесін сөгу үшін төтеншеліктер Деркөл және Шаған өзенінің қиылысында мұз жару жұмыстарын бастады. 

Аймақта тасқынның алдын алу мақсатында азаматтық қорғаныс жүйесі жоғары дайындық режиміне көшірілді. Тәулік бойы 1,8 мың арнайы техника, 123 жүзу құралы, 455 мотопомпа және 4 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған. Кешенді жоспардың аясында ұзындығы 143 шақырым болатын 81 қорғаныс бөгеті салынды, 9 шақырым су бұру арналары, 93 шақырым арық қазылды.  

Бақытжан Нарымбетов, БҚО әкімінің орынбасары: 

- Орал қаласында және айналасында су сору жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік аудандарда: Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Сырым аудандарында қар шығару жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда біздер 143 км құрайтын 81 бөгет және су жағасын күшейту жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Бұл ту тасу қаупі бар барлық аудан мен облыс орталығын қамтиды. 

Су айдындарында мұз кептілісін болдырмау мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынды. Бұл жұмыстарға елдің оңтүстік аймағынан жасақ жұмылдырылған. 

Нұралы Мусиев, БҚО ТЖД Басқармасының бастығы: 

- Жергілікті бюджет есебінен 230 млн теңге қаржы бөлінді. Облыс бойынша жалпы 96 учаске белгіленді. Бұл учаскелер өткен жылдың су тасқыны кезеңі ескеріліп және осы өзендердің қиылыстарында, бұрылыстарында мұздың үлкен көлемде тұрып қалуы болған фактілер негізінде учаскелер белгіленді. 

Бұл күні төтеншеліктер Деркөл мен Шаған өзенінің қиылысында мұз жару жұмыстарын жүргізді. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, Батыс Қазақстан облысында өзендердегі су деңгейі қауіпті межеден төмен болады деп болжануда. Дегенмен, жергілікті билік ахуалды бақылау үшін қосымша шаралар қабылдады. Аймақтағы 22 гидробекетке қосымша 7 жаңа бақылау бекеті орнатылды.