Астанада Азаматтық авиация ардагерлері мен қызметкерлері марапатталды

Қазақстан астанасында азаматтық авиация ардагерлері мен қызметкерлері құрмет грамоталарымен марапатталды. Еліміздің сала мамандары биыл кәсіби мейрамды алғаш рет атап өтті. Бұл күні ерекше құрметке бөленгендердің бірі – Дмитрий Душимов. Ардагер ұшқыш азаматтық авиация қызметіндегі 11 мың сағаттан көбін әуеде өткізген. Тәжірибелі маман шебер ұшқышқа тән кәсіби дағды-қасиеттермен бөлісті.   

 

Дмитрий Душимов, Қазақстандық Авиацияның ардагері:

- Ең алдымен, кез-келген жағдайды сараптап, жауапты шешімдер қабылдауға дағдыланған адам болу керек. Бұл ең бастысы, өз ісінің хас шебері атану үшін сауаттылық та қажет. Бұл мамандық әрқашанда үлкен беделге ие және ұшқыштың мәртебесі әр кездері жоғары болады.

 

Кәсіби мереке иелерін көлік министрі құттықтады. Марат Қарабаев тәуелсіздік жылдары отандық авиацияның даму қарқыны бір бәсеңдемегенін ерекше атап өтті. Көрсеткіштер жыл сайын артып келеді. Авиациялық парк жаңарып, саланың инфрақұрылымы жетілдірілуде. Мәселен 22 ұшу-қону жолағы мен 16 жолаушылар терминалы жаңғыртылды. Әуе байланысының географиясы да жыл сайын кеңеюде. Бүгінде әлемнің 30 тарта мемлекетімен халықаралық тасымал қызметі жүзеге асырылып жатыр. Жалпы елде бұл салада 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сарапшылардың болжамынша алдағы уақытта авиация мамандарына сұраныс арта түседі.

 

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі

- Бұл бағытта авиациялық мамандарды даярлайтын еліміздегі жалғыз оқу орны – Азаматтық Авиация Академиясы әлемнің жетекші авиациялық оқу мекемелерімен және халықаралық орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнатқан.  Бұндай ынтымқтастық аясында  EASA (ИАСА) және ИКАО халықаралық стандарттардың талаптарына сай білікті әуе қызметкерлерін даярлау бойынша шеберлік алмасамыз. Осы бірлескен  және өзге де саланы жан-жақты қолдауға бағытталған шаралардың арқасында Қазақстандық авиация әлемдік қауымдастықта лайықты орын алады.

 

Салалық ведомстваның дерегінше, былтыр еліміздің әуе компаниялары 13 млн астам жолаушыны тасымалдаған. Бұл – бұған дейін елде тіркелмеген рекордтық көрсеткіш. Өсім 20% артық. Сондымен қатар, Қазақстан ашық аспан режимін 2027 жылға дейін ұзартты. Өз кезегінде бұл отандық авиациялық нарыққа сырттан тасымалдаушылар тартуға сеп болмақ.