Қазақстандық ғалымдар инсульттен болатын адам өлімін азайтуға мүмкіндік береді

Қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан бірегей әзірлемесі кең таралған аурулардан болатын өлім-жітім мен мүгедектікті төмендетуге мүмкіндік береді. Отандық зерттеушілер қан тамырлары ауруларын емдеудің жаңа әдістерін ойлап тапты. Нақтыласақ, жергілікті өнертабыс тамырлардың өтімділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бүгінде ғылыми орталықтың қызметкерлері қазақстандық және Еуразиялық салалық ведомствоның патенттерін алды.

Оралбай Дәрменов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тамыр патология орталығының директоры:

– Біз жасаған құрылғы қан тамырындағы атеросклеротикалық түйіншектерді түбегейлі алып тастауға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, артерияны тазартады. Құрылғыны тамырға бір енгізгенде бірден бірнеше артерияны тазалауға болады. Екіншіден, түйіршек түзілуінің алдын алу мақсатында бір-екі жылдан кейін тағы бір қайталауға болады. Бұл операцияны бірнеше мәрте қайталап жасауға болады. Тек стент орнату кезінде жасауға рұқсат етілмейді. Артерияға стент орнатса, ол өмір бойы қалып қалады. Кейін көптеген асқынуларға алып келетінін білеміз.

Профессордың айтуынша, отандық өнертабыс қолданысқа енгізілсе, келешекте тамырларды стенттеу, сондай-ақ жүрек, ми, аяқтағы күретамырларға күрделі операциялардан бас тартуға болады. Емнің бұл түрі жеңілірек өтеді, нәтижесі де жақсы.

Оралбай Дәрменов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тамыр патология орталығының директоры:

– Біздің құрылғымыз – әлемдік жаңалық. Болашақта ол стенттеу және шунттау әдістерін қолданыстан шығаруға ықпал етеді деп ойлаймыз. Бұл әдісті қан тамырларының атеросклеротикалық зақымдануы бар адамдар қолдана алады.  Атеросклероз ауруы қазір жиі кездеседі. 40 жастағы 4-ші адамда, 60 жастағы екінші адамда осы ауру анықталады.

Жаңаша емдеу процедурасы қазақстандықтар үшін аса қымбатқа түспейді. Ұқсас әдістерге қарағанда оның құны әлдеқайда төмен. Қазір құрылғының зертханалық және өнеркәсіптік үлгілері дайындалу үстінде. Бұл клиникалық зерттеулер жүргізіп, коммерциялық өндірісті жолға қою үшін қажет.