Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты

«Лаңкестер елдегі тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, халқымызды қорқыту үшін жағдайды ушықтыруды көздеген», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жаңадан сұхбат берген Президент қасіретті қаңтар оқиғасының себептері мен салдары туралы айтты. Мемлекет басшысы қоырытынды жасауға әзірге ерте екенін атап өтті. Болған оқиғаны жан-жақты сараптап, бағалау керек. «Халықтан жасыратын ештеңе жоқ», – деді Президент. Ал Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін шақырғанға еш өкінбейтінін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені,қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлаған. Бұл – Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенген еді. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерлері біздің елде бір де бір оқ атқан жоқ. Оны ашық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық нысандарды күзетіп тұрды.

Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуға тиістігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз.