Алма музейіне келушілер жаңа сұрыптардың дәмін тата алады

Алма музейіне келушілер жаңа сұрыптардың дәмін тата алады

Алматының Алма музейіне келушілер жемістің шығу тарихымен танысып, алманың жаңа сұрыптарының дәмін тата алады. Мақсат – отандық ғалымдардың бау-бақша шаруашылығындағы ғылыми зерттеулері мен нәтижелерін көпшілікке жеткізу. Музей қоры Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының помологиялық бақшасынан жаңа өніммен үнемі толықтырылып отырады. Бүгінде селекционер ғалымдар алманың жаңа сұрыптарын жасап шығаруда үнемі еңбек етіп келеді. Сұрыптар гибридті негізде өсіріледі.

Ақмарал Асылбекова, Алма музейінің менеджері:

- Гибридті сұрыпты жасау жолында қандай анализдер жасалатынына тоқталғым келеді. Зерттеулер нәтижесінде аралас тұқымның бірінші кезекте суыққа төзімділігі, тығыздығы, пішіні мен түсіне сараптама жасалады. Сонымен қатар алманың жаңа сұрыптарының дәмін тату.

Отандық ғалымдар алманың генетикалық қорын сақтай отырып, 100-ден аса сұрыпты жасап шығарыпты. Көпшілігі сынақтан сәтті өтіп, шаруашылықта өсірілуде. Бүгінде помологиялық бақта алманың 4 жаңа сұрпы пісіп-жетіліп үлгерген.

Светлана Алексеенко, Қазақ жеміс шаруашылығы ҒЗИ қызметкері:

- Бұл алмалардың сұрыптары тәтті немесе қышқыл келеді. Негізінде еуропалық сұрыптарда қышқыл дәм басым болады. Ал біздің елде алмалар тәтті болып келеді. Сондықтан болар, балаларға қатты ұнайды. Сондай-ақ апорттарға қарағанда ұзақ уақытқа дейін сақталады.

Ғалымдардың айтуынша, бұл сұрыптар өнімділігі, төзімділігі жағынан тіпті апорттан да асып түседі екен. Сонымен қатар олар түрлі ауруларға төзімді және оларды әдеттегіден ұзақ сақтауға болады.