Маралды көлінде туристік маусым басталды

Маралды көлінде туристік маусым басталды

Павлодар облысындағы Маралды көлінде туристік маусым ашылды. Шипалы тұзды суымен танымал айдын жағасында демалуға қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де келеді. Өткен маусымда курорттық аймақта 24 мыңнан астам турист тыныққан.

Нұрсипат Құрманова, демалушы, Ресей:

– Суының өзі ұнайды. Батпағы да шипалы. Коронавирустың беті қайтып, шекара ашылған соң биыл демалуға, суына шомылу үшін тағы келдік.

Ләззат Төлеубекова,  демалушы:

– Осында бір жақсы көл бар дегеннен кейін, келіп көрейік деп, келдік. Өте ұнады. Бірінші ретпіз. Киелі жерде орналасқан, Маралды деген. Табиғаты да әдемі, ем шараларын жасауға болады екен.

Тұзды көлдің жағасына шатырлар қойылды. Полиция бекеті мен фельдшерлік-акушерлік пункт те бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта жағалау аймағын кеңейту, ашық бассейн орнату, тәулік бойы жұмыс істейтін орындар жабдықтау және бірнеше демалыс орындарын құру жоспарланып отыр.

Гүлмира Отарғалиева, кәсіпкер:

– Бұл жерде 12 киіз үй тігіледі. Жаңа инновациялық самалжайлар да орнатылады. Оның алғашқылары орантылды. Осы маусымда тағы әкелінеді. Біздің аспаздар ашық ауада тамақ дайындайды. Ол үшін қазандық қойылды.