Бейжің оркестрінің құрамында қазақтың қара домбырасы бар

Ұлы дала үні Қытайдың белді сахналарында. Қазақтың қос ішекті домбырасының Бейжің ұлттық аспаптар оркестрінің құрамына енгізілгеніне бірнеше жыл болған. Өнер ұжымы тұрақты негізде тәжірибелер жасап, заманауи туындыларды қытайлық және өзге ұлттық аспаптарға бейімдейді. Оркестр жылына 300-ге жуық концерт өткізеді. Биылғы жылдың соңында үлкен шара жоспарлап отыр. Әлбете онда да  қазақтың ұлттық аспабы шертіледі.

Ли Чанцзюнь, Бейжің Ұлттық аспаптар оркестрінің жетекшісі:

– Бейжің ұлттық аспаптар оркестрі қазақстандық және өзге елдердің музыкасын орындайды. Менің ойымша, музыка мен мәдениет бүкіл әлемді біріктіреді. Мұнда тіл секілді ешқандай кедергі жоқ, бір-бірімізге нота жіберіп, бірге музыка ойнауымызға болады. Қазақстандық өнерпаздармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік болады деп үміттенеміз. Өз домбырашымыз бар, бірақ өзара әрекеттесіп, бір-бірімізден үйренсек деп едік.  Болашақта екі домбыраға жеке партия беріп, үлкен концерт ұйымдастырмақ ойымыз бар. Сол домбырашының бірі – Қазақстаннан, екіншісі бізден болса.