Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтті

Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтті

Қазақстанда 27 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарындағы елді-мекендердің тұрғындары өз басшыларын өздері таңдай алды. Соның ішінде Ақмола өңірінде 11 ауылға әкім атану үшін 38 үміткер бағын сынады. Кандидаттардың 80 проценті – өзін өзі ұсынғандар.

Сергей Тищенко, Айдабол ауылының тұрғыны:

– Бұл сайлау біз үшін өте маңызды. Себебі, өз ауылымызға басшы сайлап жатырмыз. Кандидаттарды жақсы танимыз. Қалаған адамымызды өзіміз таңдап аламыз. Ал, жаңа әкімге жүктелер міндет көп. Жолдарды жөндеп, ауылды абаттандыруға басымдық беруі тиіс.

Елена Мейер, Айдабол ауылының тұрғыны:

– Бізге биыл ауылдың әкімін өзіміз таңдауға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл өте жақсы бастама. Ал, халықтың өзі сайлаған әкім, тұрғындардың талабына сай болуы тиіс. Ең бастысы, елді мекендегі түрлі мәселелерді шешіп, ауыл өмірін жақсартуға атсалысса болғаны.

Жалпы, елімізде былтыр шілде айынан бастап бір мыңнан аса ауылдық округтің әкімдері сайланған. Биыл жыл соңына дейін тағы 214 ауыл басшысы сайланады.