QazVac вакцинасын жасап шығарған отандық ғалымдардың еңбегі жарық көрді

Індет үшін шектеу жоқ. Қатерлі дерт ел мен жер талғамайды. Айтып келмейді. Жер жаһанға өршіген  коронавирус осыны ұғындырды. Сондықтан пандемия тәжірибесін ескеріп елдер ортақ кеселмен күресте күш жұмылдыру керек. Елордада осы тақырыпта халықаралық форум өтті. Жиын барысында осы тақырыпқа арналған отандық ғалымдардың еңбегі жарық көрді. Қысқа уақыт ішінде QazVac вакцинасын өндіре алған қазақстандық зерттеушілердің ерен еңбегі баяндалатын кітапты Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария таныстырды. Ғылыми танымдық еңбекте отандық екпе жасаудың тың әдісі бойынша клиникалық сынақтардан бастап толық өндірістік үрдіске дейін сипатталған.   

Күнсұлу Закария, ҚР ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Бұл елдің атқа мінер заматтарының күш-жігері, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы және оның жеке бақылауында болуының арқасында әзірленген отандық вакцина. Осылайша, Қазақстанда жалпы Орталық Азия аумағында да тұңғыш рет GMP халықаралық стандартына сәйкес сертификатталған толық циклді биофармацевтикалық зауыт іске қосылды. Осының арқасында 6 жарым млн астам адам вакцинация және ревакцинация науқанында сапалы екпе алды. Яғни, ел азаматтарының өмірін сақтап, ұлт денсаулығын қорғауға негіз болды деп сеніммен айта аламын.

Форумға елімізден ғана емес, АҚШ, Түркия, Австрия, Қырғызстаннан белгілі ғалымдар – генетиктер, вирусологтар мен эпидемиологтар қатысты. Мамандар дайындалған вакциналарды жетілдіру керек деген пікірде. Тек, осылайша ғана препарат тиімділігін жоғалтпайды.

Шухрат Миталипов, ғалым, генетик, орегон денсаулық және ғылым университеті орталығының басшысы: /АҚШ/

- COVID-19 бәрімізге үлкен сабақ болды. Бұдан-бұлай жаңа ауру түрлері өршімес бұрын ошағын дереу анықтап, алдын-алуды үйренуіміз керек. Дертті тиімді емдеу әдістерін құрудың маңызын ұғындырды. Індет жылдам тарайды. Вирустан қорғанып, ауырмаудың жолдарын іздеу үшін үздіксіз жұмыс істеуіміз керек. Себебі қатердің қай жақтан және қашан келетінін дөп басып айта алмаймыз. Вирусты жеңудің бірден бір жолы – вакцина. Сондықтан да, ғалымдардың зерттеу жұмыстарының негізінде екпе өндірісін жетілдіріп тұру керек. Оларды сақтау мен ұстау ережелері қатаң ескерілуі тиіс. Ерте бастан қамдану маңызды. Оған көзіміз жетті.