Қазақстанда венчурлік немесе бизнесті қолдау үшін инвестициялау экожүйесінің әлеуетін арттыру көзделіп отыр

Қазақстанда венчурлік немесе бизнесті қолдау үшін инвестициялау экожүйесінің әлеуетін арттыру көзделіп отыр

Енді осы бағыттың ел деңгейінде етек жайып, белсенді дамуы үшін «Астана Хаб» халықаралық технопаркінің жанынан венчурлік клуб ашылды. Қазірдің өзінде тың бастамаға  40-тан астам инвестор үн қосуға дайын. Олардың әрбірі тек бастапқы кезеңде өміршең жобаларға кемі 50 мың доллардай қаржы құюға ниетті екендерін жеткізген.

Нұрасыл Жарбасов, ASTANA VENTURE CLUB-тың негізін қалаушы және басшысы:

- Астана венчурлік клубы Астана Хаб аясында акселерациядан өтіп жатқан немесе басқа да қолдау алатын әлемдік және қазақстандық әлеуетті жобалардың үлкен ағымын қамтуға бағытталған. Біздің клуб елімізде бизнес-періштелік инвестициялау, яғни қолдау  мәдениетін дамытуға үлес қосу үшін  жұмыс жасайды. Алға қойған мақсатымыз осы. Біздің клубтың есігі  стартапқа бірнеше мың доллар салып, кейін жобаны немесе табыстың тең жартысын иемденем деген оймен келген инвесторларға жабық. Ондайға жол берілмейді. Себебі, жоба иелерін ондай ұсыныс ынталандыра қоймасы анық. Жобаны дамыту үшін уақыт керек. Еліміздің қалталы азаматтары осыны түсініп, инвестициялаудың мәдениетін ұғынса дейміз. Бұл кез келген жоба үшін маңызды. Дей тұра қазіргі таңда осы бастаманы қолдап, қолдау қаржысын құюға ниетті инвесторлар қатары артып келеді. 

Бизнесті қолдау қамындағы инвестициялау дәстүрлі қаржыландыру түрлерінен өзгеше. Венчурлік клубтың негізін қалаушы Нұрасыл Жарбасовтың айтуынша, бұл жерде инвестор тәуекелге барады. Себебі әлі өндіріс жолына түспеген шикі жобаға қаржы құюуы керек. Дей тұра, стартаптардың өміршеңдігі алдын-ала сараланады дейді ол. 

Нұрасыл Жарбасов, ASTANA VENTURE CLUB-тың негізін қалаушы және басшысы:

- Қандай жоба болмасын болашақта оның іргесін кеңейту, өндіріс көлемін арттыру мүмкіндігі  болуы керек. Яғни, жылдан жылға оны біртіндеп дамыту жоспары құрылады. Бұл қандайда бір бизнес жүргізудің классикалық үлгісі. Сонымен қатар, экспоненциалды өсу моделі бар. Ол жобалар ұзақ уақыт пісіп-жетіледі. Кейін бірден бірнеше есеге ұлғаюы мүмкін. Сондықтан венчурлік инвестиция тәуекелді болғанымен, жемісі де әлде қайда жоғары болуы ықтимал. 

Венчурлік экожүйені дамытудың басты мақсаты инвесторларды қолдау және инновациялық, технологиялық немесе айти-стартаптарға тәжірибелік қолдау көрсету. Осыған ниетті инвесторлар үшін бизнес-қолдаушылар мектебі ашылды. Ол Қазақстандағы заманауи технологиялар мен озық кәсіпкерлік шешімдерге қаражат салуға дайын адамдарға бағытталған.