Нұрай Серікбайдың өлімі: Полиция департаментінің бастығы қызметінен кетті
21 жасар Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне
Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырған еді.
Президент сынынан кейін Полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші
орынбасары, бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен кетті. Қаратау ауданы
полиция басқармасының мамандары марқұмның туыстарының өтініштерін уақытында
және дұрыс қарамаған болуы мүмкін деген факті бойынша сотқа дейінгі тергеу
жүріп жатыр. Айта кетейік, осы мәселе
бойынша Ұлттық құрылтайға 130-дан астам өтініш түскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда
азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған
сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы
заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс.
Мемлекет басшысы қыз алып қашу мәселесіне де ерекше
тоқталды. Мұны ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс деп
айыптады. Мұндай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайтынын тілге тиек етті.

