Шетелдік сарапшылар Қазақстанға қолдау білдірді

Түрік елінің СІМ басшысы Қазақстан халқы мен Үкіметіне қолдау білдіріп, жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жұмысына  табыс тіледі.

Мевлют Чавушоглу, Түркияның Сыртқы істер министрі:

- Түркі әлемі – үлкен отбасы, ал түбі бір елдеріміздің бірлігі жарасқан. Біз біргеміз! Сондықтан Қазақстандағы жағдай оңалып, тұрақтанғанына қуаныштымыз. Күш бірлікте. Түркітілдес мемлекеттер мәселелерді бірігіп шешу үшін жұмылуы тиіс. Түркі әлемінің бір арнаға тоғысып ұйымдасуы – елдеріміздің дамуы мен әл-ауқатын арттыруға арналған үздік алаң.

Сербия депутаты да Қазақстан басшылығы қабылдаған шаралар мен шешімдерге қолдау білдірді. Ол ел басына күн туғанда жұмыла білген Қазақстан халқының даналығын ерекше атап өтті.

Драгомир Я. Карич, Сербия Республикасының халық скупщинасының депутаты, Қазақстанмен парламенттік достық тобы төрағасының орынбасары:

- Мен сіздің елді өте жақсы және бұрыннан бері білемін. Қазақстанмен мені көптеген жыл бойы ынтымақтастық, достық және ізгі адами қатынастар байланыстырады. Ұлы дала елінің бейбіт тірлігі мен тыныштығы және сақтығына араңдатушылардың заңсыз әрекеттері қауіп төндірді. Олар достыққа берік, өзгенің құқығын тең көретін көпұлтты мемлекеттің шырқын бұзып, халықтың ұзақ жылдар бойы күш-жігері, маңдай термен келген игі істерді біреудің теріс пиғылды саяси көзқарасы үшін бір түннің ішінде талқандап тастауға тырысты. Депутат және Қазақстанның байырдан бергі досы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың табанды да көреген шешімдеріне жан-жақты қолдау білдіремін. Халықтың даналығы мен ел басшылығы қабылдаған шаралар жағдайды лайықты түрде жеңуге мүмкіндік беретініне еш күмән жоқ.