Отандық ғалым қазақша дауыстық хабарламаны мәтінге айналдыратын жүйе ойлап тапты
Қазақстандық ғалым қазақ тіліндегі дауыстық хабарламаны танып қана қоймай, мәтінге айнадыратын жүйе ойлап тапты. Өркен Мамырбаевтің жобасы бір мезетте екі дауысты ажыратып, жазбаша үлгісін автоматты түрде екі арнаға түсіреді. Зияткерлік жүйе қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде чат-бот ретінде жұмыс істейді. Өнертабыс танымал нидерландтық компанияның назарына ілігіп, өнімді тағы жетілдіруге ұсыныс жасады.
Шетелдік тарап жүйені биылдан қалмай өз технологияларымен біріктіруге ниетті. Яғни, қазақ тілін жаһандық деңгейде насихаттауға жол ашылмақ. Дыбыстық хабарламаны хатқа түсіретін құрылғының әзірге тану дәлдігі 60%-ті құрайды. Жыл соңына дейін сирек кезігетін және күрделі сөздер тағы қосылып, бұл мүмкіндік 90%-ке жетіп, сөздік қоры 5 мың сағатқа толтырылмақ. Өркен Мамырбаев өзінің ғылыми зерттеуі қазақ тілін дамытып, заман талабына сай қолдануға бағыттағанын айтады.
Өркен Мамырбаев, жоба авторы, ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты Бас директорының орынбасары:
– Біріншіден, диалектіні зерттеуге болады. Екіншіден, акцентті анықтауға болады. Үшіншіден, адамның эмоциясын анықтауға болады.... Және тілді идентификациялауға қазақ немесе орыс тілінде сөйлеп жатырма осыған мүмкіндік береді. Үшіншіден, ер адам сөйлеп жатыр ма, әйел адам сөйлеп жатыр ма, жас аралығы қандай?.. Аз кезігетін сөздер бар. Оны да болашақта қосуымыз мүмкін. Мысалы экономикалық сөздіктер болады, математикалық терминалогиялық сөздіктер, олармен болашақта жұмыс істеуге болады.
Автор: Жеңіс Ермұқанов