Парламент Ресеймен мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімді ратификациялады

Парламент Ресеймен мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімді ратификациялады

Қазақстан Парламенті Ресеймен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімге енгізілген өзгерістерді құптады. Түзетулер көрші мемлекеттен біздің елге экспортталатын қара алтынға уақытша мерзімдік декларациялау рәсімін тоқтатуды қарастырады. Сенатор Бауыржан Қаниевтің айтуынша, Қазақстан Ресейден айқындалған квота шеңберінде бензин, авиациялық және дизельдік отын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін ғана импорттайды. Ол бұған байланысты декларациялауды дәл осы түрін қолдану, бір жағынан, көрші ел бөлген квотаның барлық көлемін сақтап қалған монополист экспорттаушының пайда болуына әкеліп соққанын,  ал екінші жағынан отандық  кәсіпкерлерді жеткізушілерді таңдауда шектегенін атап өтті. Депутаттардың пайымынша, Сенат мақұлдаған заң қазақстандық кәсіпкерлерге баға белгілеу және жеткізу мерзімдеріне қатысты өз мүдделерін ескере отырып, мұнай өнімдерін еркін сатып алуға мүмкіндік береді.

Бауыржан Қаниев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қаралып отырған заңда Келісімнің 3-бабына Ресейден Қазақстанға әкетілетін мұнай мен мұнай өнімдеріне қатысты уақытша мерзімді декларациялаудың күшін жою бөлігінде өзгеріс енгізіледі. Бұл өзгеріс екі тәсілмен әкетілетін мұнай мен мұнай өнімдеріне қолданылмайды. Біріншіден, керек-жарақ ретінде әкету. Өйткені керек-жарақтарды декларациялау Көлік құралдарын кедендік декларациялаумен жүзеге асырылады.  Екіншіден, 2022-2024 жылдары құбыр арқылы әкету. Себебі бұл мәселе екіжақты келісіммен реттеледі.