Парламент тұрғын үй шаруашылығы бойынша жаңа заңды қабылдады

Қазір елде 16 пәтерден аспайтын 10 мыңнан астам тұрғын-үй бар. Шағын нысандар мүліктің меншік иелері бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікке тиімсіз. Бұндай жағдайда тұрғындарға тікелей бірлесіп басқару ұсынылуда. Парламент осы және өзгеде тұрғын үй шаруашылығына қатысты жаңа нормалар қамтылған заңды мақұлдады. Құжат мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.  Заң меншік иелерінің үйді басқару нысанын таңдауға қатысты дауларын да реттейді. Осы орайда тұрғын үй инспекциясына бір жылға дейінгі мерзімге уақытша басқарушы компанияны анықтау құқығы беріледі. Сондай-ақ, жаңа басқару нысаны құрылғанша құрылыс мердігеріне алты айға дейінгі мерзімге басқарушы компанияны тарту мүмкіндігі қарастырылған. Сенатор Бауыржан Қаниев келтірген  деректерге сәйкес басқарудың жаңа нысандарына көшу реформасы аясында көппәтерлі тұрғын үйлердің 85% серіктестіктерді, ал небәрі 11 жарым проценті мүліктің меншік иелері бірлестігін таңдаған.

Бауыржан Қаниев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-  Заң көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетігін жақсартуға және тұрғын үй қатынастары субъектілерінің кейбір функцияларын нақтылауға; кондоминиум объектілерін басқару және күтіп ұстау жөніндегі қызметте ашықтықты қамтамасыз етуге және осы процеске пәтер иелерін, тұрғын емес үй-жайларды белсенді тартуға бағытталған.