Пітір садақаның мөлшері бекітілді
Биыл пітір садақаның мөлшері 655 теңге боп бекітілді. Бұл 2 келі ұнның базардағы орташа бағасы. Рамазан айы болса 1 наурызда басталады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдері ауызашар дастарханын қарапайым тағамдармен толтырған дұрыс дейді.
Алтынбек Әмит, Тілші:
- Ауызашарда аста-төк дастархан жаямын деп, сауап емес күнә арқалап кетуіңіз мүмкін. Өйткені Ислам діні ысырапшылдықты арам еткен. Сондай-ақ, қарыз бен несиеге де ауызашар беруге болмайды. Мұсылман елдерінің көбі ас беру ережесін арнайы заңмен бекіткен. Бұл мәселе бойынша Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының да пәтуасы бар.
Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти:
- Республикалық имамдар форумында арнайы құжат жасағанбыз. Сол бойынша тек ауызашар емес жалпы құран тамақтардың дастарханы қандай болуы керегі бекітілді.
Бас мүфти діни жоралғыларды қазақша атау керек дейді. Ауызашарды ифтар, сәресіні сухр деу міндет емес. Яғни, сөз арасын арабша айдарлар беру сауап алып келмейді.
Діни басқарма өкілдері қасиетті айда кәсіпкерлерді азық-түлік бағасын арзандатуға шақырды. Өйткені, қонағы үзілмейтін жұртқа бұл үлкен жеңілдік болмақ. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал.
Рамазанда жалпыға бірдей ауыз бекіту парыз емес.
Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген
адамдар ауыз бекіткен кісілерге қызмет етіп, сауап жинай алады. Жүкті әйелдер
мен балиғат жасына жетпеген балалар да бұл парыздан босатылған.

