Президент Абай облысының әкімін қабылдады
Семей қаласында құны 714 млрд теңге болатын жаңа жылу электр орталығы
салынып жатыр. Бүгін Абай облысының әкімі Ақордаға келіп, Президентке өңірдің
даму динамикасы туралы есеп берді. Аймақта былтырдан бастап, инвестициялық
жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайған. Сәйкесінше, инвестиция көлемі екі
есеге артқан. Жалпы ішкі өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жетті деді, Берік
Уәли. Әсіресе, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік
салаларының даму қарқыны жоғары. Сондай-ақ, аймақ басшысы ірі инвестициялық
жобалар қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол
желісінің құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек облыста инвесторлар
есебінен тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталған. Жоба құны 255 млрд
теңге. Қолға алынған жұмыстар екі жарым мың жаңа жұмыс орынын ашуға ықпал
етпек. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп,
экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс
сапасын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

